Қазақстан - зейнетақы жинағын инфляция тәуекелдерінен сақтауға кепілдік беріп отырған жалғыз мемлекет

9 Желтоқсан 2021, 21:56
1325
Бөлісу:
Қазақстан - зейнетақы жинағын инфляция тәуекелдерінен сақтауға кепілдік беріп отырған жалғыз мемлекет

 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың зейнетақы қорындағы қаражатты пайдалануға қатысты шекті межені көтеру мерзімін 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін ұзарту туралы шешіміне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Мемлекет басшысы бүгінгі шешімімен бірнеше мәселені күн тәртібінен алып тастады деп ойлаймын. Менің ойымша, енді наразы болғандардың саны әлдеқайда аз болатын шығар. Бірақ базалық өлшемде біз мынаны естен шығармауымыз керек. 1998 жылы Қазақстан зейнетақымен қамтамасыз етудің жинақтық жүйесіне көшкен болатын. Ал жеткіліктік шегі – мемлекет азаматтардың қарттық өмірін қаматамсыз ете алу үшін есептеп шығарған сома. Біз зейнетақы жинағын әлі де төмен шек бойынша үлестіре аламыз. Сол ақшаға бүгін сатып алған баспанасын ертең қартайғанда күнкөріс қамы үшін сататындай жағдай туындайтын болса, олай жалғастырудың мәні бар ма?, - деді Дәурен Абаев «Ашық диалог» сұхбатында.  

Оның сөзіне қарағанда жыл басында қолға алынған зейнетақы реформасының арқасында елімізде 600 мың отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік алған.  

Әрине, мен жинағын енді шешіп үлгермейтіндердің ашуын түсінем. Бірақ экономикалық жағдай, өкінішке қарай, құбылып тұрады. Кейбір сарапшылар сияқты реформаны бастан-аяқ жарамсыз етіп сынау әділетсіз. Осы кезеңде 600 мың транзакция мақұлданған екен. 600 мың отбасы! Бұл 2 млн адамнан артық адам өзінің тұрғын үй жағдайын жақсартты деген сөз, - деді Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары.  

Сондай-ақ ол зейнетақы жинағындағы ақшаны бүгін амалын тауып алмаса, ертең бәрі бір игілігін көру мүмкін емес деп ойлайтындар туралы пікір білдірді. 

 

Бұл жөнінде сарапшылардың көбі айта бермейді. Қазақстан – бүкіл әлем бойынша зейнетақы жинағын инфляция тәуекелдерінен сақтауға кепілдік беріп отырған жалғыз мемлекет. Сондықтан зейнетақы жиғанынан неғұрлым көп ақша шешіп алғысы келетіндердің мәселесі қорқынышта емес, жоспарлау көкжиегінің кеңдігінде болса керек. Біз бүгінгі күніміз ертең болатын дүниеден маңызды деп ойлап алғанбыз. Бүгін жеткіліктілік шегі көтеріліп кеткенінен наразы болып жүгендер, ертең «неге мардымсыз зейнетақы аламыз» деп шағымданатыны анық, -деді Дәурен Абаев.
 


 

 

Өзгелердің жаңалығы