Қазақстан турсектордың құзыретін арттыруға ниетті

29 Наурыз 2021, 12:25
2015
Бөлісу:
Қазақстан турсектордың құзыретін арттыруға ниетті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгінгі таңда Қазақстанның туризм саласында және басқа да сабақтас салаларда 470 мыңнан астам адам еңбек етеді. 

Атап айтқанда, жұмыспен қамтылған халықтың 5,5%-ы аталған салада қызмет атқарады. Сондықтан туристік қызмет көрсетудің отандық секторын дамыту мәселелері кадрлардың біліктілігін арттыру процестерінің жақсаруымен байланысты.

Жақында «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы мен «Mental HR Consultancy» түрік компаниясы саланың кәсіби мамандарын даярлау және еңбек ресурстарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелері бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Өздеріңіз білетіндей, нарықта білікті кадрлар тапшылығы орын алса, әсіресе кәсіби дайындалған желілік қызметкерлер болмаған кезде, туризмді сапалы дамыту мүмкін емес, - деді Ұлттық компанияның басқарма төрағасы Ержан Еркінбаев.
Туризмді қарқынды дамыту үшін екі негізгі құрамдас бөлік бар: елдің географиялық ерекшеліктерін ескере отырып, біріншісі – бұл инфрақұрылым мен коммуникациялар. Салалық Мемлекеттік бағдарлама 2019 жылы қабылданған сәттен бастап жалпы сомасы 61,1 млрд теңге құрайтын 55 жоба іске асырылды. Екіншісі – саланың құзыреті. Мемлекет тарапынан Мәдениет және спорт министрлігі кадрлық әлеуетті дамыту мәселелеріне үлкен көңіл бөледі. Мамандар даярлайтын алғашқы бейіндік Халықаралық туризм және қонақжайлық университеті ашылғаны белгілі.
Былтыр academy.tourismonline.kz платформасы өзін жақсы дәлелдегенін атап өтемін, мұнда әркім сапалы теориялық дайындықты ала алады. Биылғы жылы біз кәсіби спикерлерді көптеп тарта отырып, жаңа оқыту модульдерін жасауды жалғастырамыз. Сондай-ақ, осы жылы біз өңірдің оқу орындарының базасында Маңғыстау туризм саласы үшін жергілікті тұрғындар қатарынан желілік 1 500 адамды оқыту бойынша сынамалы жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз, - деп қорытындылады сөзін Ержан Еркінбаев.

«Mental HR Consultancy» түрік компаниясы бизнес субъектілері мен мемлекеттік органдардың желілік және басқару қызметкерлерін оқыту мәселелерінен басқа, инвестициялар тарту және туристік секторды цифрландыру сияқты бағыттар бойынша ықпал етеді.

Өзгелердің жаңалығы