Қазақстан «Спутник V» вакцинасын ресми тіркеуге алды

16 Ақпан 2021, 11:02
1543
Бөлісу:
Қазақстан «Спутник V» вакцинасын ресми тіркеуге алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Денсаулық сақтау министрлігі Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының Сараптама комиссиясы Гам-КОВИД-Вак вакцинасы қауіпсіз, сапасы мен тиімділігі жоғары деген қорытынды шығарды. Яғни, Қазақстан ресейлік «Спутник V» вакцинасын тіркеген 27 ел.

Қазақстан Республикасында өндірілген COVID-19 коронавирусқа қарсы вакциналарды уақытша мемлекеттік тіркеудің бекітілген қағидаларына сәйкес Сараптама комиссиясы Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығының, медицина, биология, микробиология, иммунология және эпидемиология саласындағы медициналық және бейінді ұйымдардың мамандары мен сарапшыларынан, сондай-ақ биоэтика жөніндегі орталық комиссияның өкілдерінен құрылды.

2021 жылғы 15 ақпанда Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті ДЗСҰО-ның 2021 жылғы 13 ақпандағы қорытындысы негізінде Гам-КОВИД-Вак вакцинасына тіркеу куәлігін берді.

Вакцинаны тіркеу нәтижесінде коронавирус инфекциясының алдын алу үшін халықты жаппай вакцинациялауға және ұжымдық иммунитет қалыптастыру процесін жеделдетуге мүмкіндік туады, - деді Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.

РФ ДСМ “Н.Ф.Гамалеи атындағы эпидемиология және микробиология ұлттық зерттеу орталығы” ФМБМ әзірлеген коронавирус инфекциясының алдын алуға арналған «Спутник V» вакцинасы Ресейде 2020 жылдың тамыз айында тіркелген.

Ресей мен Қазақстан арасындағы үкіметтік келіссөздер нәтижесінде «Спутник V» вакцинасын елімізде өндіру туралы келісімге қол қойылды. Вакцинаның өндірістік және технологиялық процесі жартылай “Қарағанды фармацевтикалық кешені” ЖШС базасына ауыстырылды. Қарағанды фармацевтикалық кешеніне GMP сертификаты (тиісті өндірістік практика) берілген.

Гам-КОВИД-Вак – бұл адам үшін патогенді SARS-CoV-2 вирусы пайдаланылмайтын биотехнологиялық жолмен алынған біріктірілген векторлық вакцина. Препарат екі компоненттен тұрады, әрқайсысының құрамына адам аденовирусы негізіндегі рекомбинантты аденовирустық вектор кіреді. «The Lancet» журналы жариялаған деректерге сәйкес, вакцинаның эпидемиологиялық тиімділігі 91,6% құрады. Вакцина 18 жастан асқан азаматтарды коронавирус инфекциясына қарсы профилактика мақсатында салынады, - делінген ақпаратта.

Бірінші кезеңде инфекциялық стационар, жедел медициналық көмек, сондай-ақ КВИ ауруын жұқтыру қауіпі жоғары басқа да бейінді медицина қызметкерлері екпе салдырады. Ал наурыз айынан бастап педагог, күш құрылымдарының қызметкерлері қосылады.

Вакцинациядан қорғаныс әсері бірінші дозадан кейін 12-14 күнде байқалады, толық иммунитет қалыптасу үшін араға 21 күн салып екінші доза қабылдау керек. Вакцина курсы аяқталғаннан кейін 1,5 ай ішінде ағзада иммундық реакция пайда болады, сондықтан вакцина салдырғандар алдын алу шараларын сақтау қажет.








Өзгелердің жаңалығы