Қазақстан Сербияға экспортты 250 млн долларға арттыра алады

23 Ақпан 2021, 19:31
1813
Бөлісу:
Қазақстан Сербияға экспортты 250 млн долларға арттыра алады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Президент Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер мен Сербия Республикасы арасындағы еркін сауда туралы келісімді ратификациялау туралы Заңға қол қойды. 

Келісім 2019 жылғы 25 қазанда жасалды. 

Тауарлардың көпшілігі бойынша Келісім күшіне енгеннен кейін ЕАЭО елдері мен Сербия арасында бажсыз сауда режимі белгіленеді. Бұл қазақстандық тауарлар үшін серб нарығына қолжетімділікті айтарлықтай жеңілдетуі тиіс.

Келісім тауар номенклатурасының 93%-і бойынша кедендік әкелу баждарын өзара алып тастау және бірқатар тауарды бажсыз әкелуге квота беру арқылы Сербиямен сауда шарттарын либерализациялады. Бұл ретте ұлттық өндірушілерді қорғау үшін тараптар құс еті, қант, маталар, компрессорлар, көлік құралдары сияқты аса сезімтал тауарлар бойынша импорттық баждарды қолдану мүмкіндігін қарастырды, - деді Сауда және интеграция вице-министрі.

Жанель Кушукова отандық тауарлар экспорты жайлы айтты.

Біз қазақстандық тауарлардың Сербияға экспортын ұлғайту әлеуетін шамамен 250 млн АҚШ долларына бағалаймыз. Бұл мұнай-химия, металлургия, тамақ, машина жасау, өнеркәсіптің химия салаларының тауарлары, сондай-ақ құрылыс материалдары. Әлеуетті іске асыру отандық өндірушілердің белсенділігіне байланысты болады, - деп түсіндірді вице-министр. 

Сербия Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі болып табылмайды. Алайда осы келісім шеңберінде санитариялық және фитосанитариялық шаралар, саудадағы техникалық кедергілер, зияткерлік меншік, дауларды шешу, электрондық коммерция және т.б. салаларда халықаралық стандарттарды қолдануға кепілдік береді. Бұл серб нарығында қазақстандық тауарларға негізсіз шектеулердің қолданылмауына кепілдік береді.

Тұтастай алғанда, осы келісімді іске асыру Еуразиялық экономикалық одақ елдері мен Сербия Республикасы арасындағы сауда байланыстарын дамытуға және нығайтуға, тараптардың өзара сауда көлемінің көрсеткіштерін ұлғайтуға ықпал ететін болады, қазақстандық тауарларды Сербия нарығына ілгерілету үшін қолайлы жағдайлар жасайды.

Өзгелердің жаңалығы