Қазақстан полицейлерінің 90%-ы вакцина алды – ІІМ

24 Мамыр 2021, 11:46
4064
Бөлісу:
Қазақстан полицейлерінің 90%-ы вакцина алды – ІІМ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР ІІМ ресми өкілі Нұрділда Ораз министрліктің Youtube арнасында тікелей эфирде өткен брифингте полицейлердің 90%-ы вакцина алғанын жеткізді.

Полицейлер мен қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерінің 90%-дан астамы COVID-19-ға қарсы вакцина алды. Министр Ерлан Тұрғымбаев бастаған ІІМ басшылығы да вакцина алды, - деді ол.

Жеке құрамды вакцинациялау ішкі істер органдарының барлық бөлімшелерін, соның ішінде қылмыстық-атқару жүйесі ұйымдарын, Ішкі әскерлер мен ІІМ оқу орындарын қамтиды.

Полиция қызметкерлері қызметтік міндеттерін атқара отырып, қылмыстарды ашқанда және тергегенде, оқиға орындарын тексергенде, шақыруларға қызмет көрсеткенде, жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз еткенде, сондай-ақ санитарлық бекеттерде қызмет атқарғанда халықпен үнемі байланыста болады, - деп түсіндірді Нұрділда Ораз.

Бұдан басқа, медицина қызметкерлерімен бірге карантиндік шараларды қамтамасыз етуге қатысады.

Еске сала кетейік, елімізде Sputnik V екпесімен жаппай вакцинациялау 1 ақпанда басталды. Вакцинаны ең алдымен КВИ-мен алдыңғы қатарда күресіп жүрген дәрігерлер, полицейлер, мұғалімдер, әскерилер алды. Ал 26 сәуірден бастап халықты отандық QazVac-пен вакцинациялау жүргізіліп жатыр.

Өзгелердің жаңалығы