Қазақстан ОПЕК+ келісімі аясында мұнай өндіруді ұлғайтуды жалғастырады

2 Қыркүйек 2021, 04:17
11253
Бөлісу:
Қазақстан ОПЕК+ келісімі аясында мұнай өндіруді ұлғайтуды жалғастырады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін, 1 қыркүйекте ОПЕК+ келісіміне қатысушы елдердің министрлік отырысы бейнеконференция форматында өтті. Отырыста Қазақстан атынан Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев қатысты, деп хабарлайды ҚР ЭМ баспасөз қызметі. 

Нұрлан Ноғаев кездесуге қатысушыларға жемісті ынтымақтастығы үшін алғыс айтып, қабылданған шаралар әлемдік мұнай нарықтарына жағымды әсер ететінін атап өтті. Қазақстан ОПЕК+ келісімі аясында өз міндеттемелерін орындау бойынша жұмыстарын жалғастырады. 

Отырыс қорытындысы бойынша ОПЕК+ елдерінің ағымдағы өндіру деңгейін келісімге қатысушылар тәулігіне 5,8 млн баррель шектеулерді алып тастағанға дейін ай сайын 400 мың баррельге ұжымдық ұлғайтуды жалғастыру туралы шешім қабылданды. 

Осылайша, ОПЕК+ шеңберіндегі Қазақстан үшін квота қыркүйекте тәулігіне 1,508 млн баррельді құрайды және ай сайын өндіру орташа есеппен тәулігіне 16 мың баррельге артатын болады.

Өзгелердің жаңалығы