«Қазақстан мұғалімі – 2021»: 30 мұғалімге 1,2 млн теңгелік грант беріледі

28 Шілде 2021, 14:56
3740
Бөлісу:
«Қазақстан мұғалімі – 2021»: 30 мұғалімге 1,2 млн теңгелік грант беріледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен брифингте «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы Лима Диас айтты.

Ол алдымен «Қазақстан мұғалімі» ұлттық сыйлығының әлеуметтік маңыздылығын атап өтті.

Бүгінде мұндай жобалар - білім беру саласындағы жүзеге асырылып жатқан президенттік реформалардың қозғаушы күші. Себебі олар мұғалімдердің миссиясын дәріптеуге және педагог кәсібінің мәртебесін арттыруға бағытталған. Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы осындай маңызды жобаға тікелей қатысатынына өте қуаныштымын, - деді ол.
Айтуынша, «Қазақстан мұғалімі» ұлттық сыйлығын өткізу шеңберінде барлық мүдделі тарапқа білім беру процестері мен өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі әлеуметтік маңызы бар проблемаларды анықтауға, педагогтердің тікелей қатысуымен оларды шешу жолдарын әзірлеуге мүмкіндік беріледі. Бұл өте маңызды, өйткені практик мұғалімдер белгілі бір білім беру мекемесіндегі мәселелерді, олардың қажеттіліктері мен мұқтаждықтарын егжей-тегжейлі біледі.
Педагогикалық қоғамдастық пен азаматтық қоғамның, яғни үкіметтік емес ұйымдардың, бірлескен тиімді жұмысы болмаса, мұндай мәселелерді толыққанды шешу мүмкін емес. Осыған байланысты, «Қазақстан мұғалімі 2021» ұлттық сыйлығы аясында жаңа идеялар мен бастамалардың серпінін ілгерілету мақсатында Орталық «Samruk Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры мен Қоғамдық маңызы бар бастамаларды дамыту қорының қолдауымен үкіметтік емес ұйымдар мен мұғалімдерге 30 шағын грант (әрқайсысы 1,2 млн теңге мөлшерінде) ұсынады, - деп айтты Лима Диас.
Ол атап өткендей, шағын гранттар қатысушы мұғалімдердің білім беру процесін, оқыту жағдайларын жақсарту және елдің шалғай аудандарындағы ауылдық мектептердегі оқушылардың білімін жан-жақты дамыту жөніндегі бастамаларын іске асыруға бағытталатын болады.
Шағын гранттарды 2021 жылдың қыркүйек-желтоқсан аралығында жүзеге асыру жоспарланып отыр. Оператор ретінде Орталық шағын гранттар беру үшін ҮЕҰ арасында конкурс өткізеді, сондай-ақ сыйлыққа қатысушы педагогтармен бірлесіп гранттардың іске асырылуына мониторинг жүргізеді. Жобалардың іске асырылу барысы Орталықтың интернет-ресурстарында жарияланып, жобалардың нәтижелері қорытынды есептік іс-шарада ұсынылады, - деп түсіндірді Диас.
Осылайша, мұғалімдер мен қоғам арасындағы бірлескен тиімді ынтымақтастық арқылы орта білім беру мекемелерін дамыту, сондай-ақ азаматтардың жаңа бастамаларын қолдау үшін жағдайлар жасалады.

Ол үкіметтік емес ұйымдарды шағын гранттар конкурсына белсенді қатысуға шақырды.

Өзгелердің жаңалығы