Қазақстан мен Әзербайжан ынтымақтастықты нығайтпақ

14 Қазан 2019, 22:36
2061
Бөлісу:
Қазақстан мен Әзербайжан ынтымақтастықты нығайтпақ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Қазақстан елшісі Әзербайжан президентіне сенім грамоталарын тапсырды.

"Бүгін таңертең Бакуде Қазақстан Республикасының елшісі Сержан Әбдікәрімов Әзербайжан Республикасының президенті Ильхам Әлиевке сенім грамоталарын тапсырды. Кездесу барысында Әзербайжан басшысы екіжақты ынтымақтастықты стратегиялық әріптестіктің жоғары деңгейіне шығаруға мүмкіндік берген Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен тарихи қалыптасқан жылы қарым-қатынастарды, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен жемісті жалғасып жатқанын да атап өтті", - деп хабарлады ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Мәліметке сай, И.Әлиев инвестициялық, сауда-экономикалық, отын-энергетикалық, транзит-көліктік, ауыл шаруашылығы, мәдени-гуманитарлық, басқа да салалардағы екіжақты және көпжақты өзара іс-қимылды одан әрі нығайту әрі кеңейту туралы өз ойын білдірді. Өз кезегінде, елші Әзербайжан президентіне өзінің тағайындалуына келісім бергені үшін алғысын жеткізе отырып, алдағы жоспарлары туралы, соның ішінде екі бауырлас мемлекет пен халықтар арасындағы қарым-қатынастардың барлық спектрін қарқындату мақсатында күш-жігерін жұмсауға дайын екенін атап өтті. Әзербайжан президенті Қазақстан елшісін қызметке кірісуімен құттықтады және алдағы қызметінде табыс тіледі.

 Бұған дейін Қазақстан елшісінің Доминикан президентіне сенім грамоталарын тапсырғаны жайлы хабарлаған едік.
Өзгелердің жаңалығы