Қазақстан мен ТМД елдерінің IT-компаниялары арасында цифрлық байқау жарияланды

10 Қазан 2020, 17:05
1110
Бөлісу:
Қазақстан мен ТМД елдерінің IT-компаниялары арасында цифрлық байқау жарияланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Орталық Азияның ірі технопаркі Astana Hub Қазақстан мен ТМД елдерінің IT-компаниялары арасында цифрлық конкурс жариялады. Бас жүлде - 128 мың доллар немесе 55 миллион теңге сомасындағы келісімшарт. ⠀

Конкурсқа қатысушылар қызмет көрсету, өтінімдер өңдеу және экожүйенің деректерін талдау мүмкіндігі бар Қазақстан стартап-экожүйесінің бірыңғай алаңы - TechHub.kz платформасын әзірлеп шығуы қажет.

Байқаудың шарты бойынша техникалық тапсырманы іске асыру барысында барынша дәл және толық орындаған қатысушылар командасы ғана жеңіске жетеді. Қатысушылар екі апта ішінде прототип әзірлеп шығуы керек. Жеңіске жеткен тұлғамен келісім-шарт ұзақ мерзімге жасалады.

Жеңімпазды IT саласының тәуелсіз қазылар алқасы анықтайтын болады. Бағалау кезінде техникалық тапсырмадағы пункттердің формалары қолданылады. Ең көп ұпай жинаған қатысушы жеңіске жетеді. Техникалық тапсырманы 100% сәйкестікпен орындаған қатысушы бірінші орынға ие болады.

Конкурсқа кемінде 4 адамнан тұратын, ЖШС немесе ЖК, сондай-ақ бұрын орындалған жобалар портфолиосы бар командалар қатыса алады.

Конкурстың толық шарттары мен техникалық тапсырмасы contest.astanahub.com сайтында берілген.

1 орын - 128 мың долларға немесе 55 000 000 теңгеге келісімшарт.

2 орын - 2,3 мың доллар немесе 1 000 000 теңге.

3 орын - 1,16 мың доллар немесе 500 000 теңге.

(*нақты сома шартты жасасу күніндегі ҚР Ұлттық банкінің бағамы бойынша 55 млн теңге, 1 млн теңге және 500 мың теңгеге барабар айқындалатын болады).

 

Қатысу үшін өтінімді 2020 жылдың 17 қазанына дейін жіберуге болады. Өтінімді байқаудың веб-парақшасына өтіп беруге болады.


 


 

Өзгелердің жаңалығы