Қазақстан мен Ресей спорт саласына қатысты ынтымақтастыққа қол қойды

1 Ақпан 2021, 22:48
2554
Бөлісу:
Қазақстан мен Ресей спорт саласына қатысты ынтымақтастыққа қол қойды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мен Ресей Федерациясының Спорт министрі Олег Матыцин дипломатиялық арналар көмегімен 2021-2023 жылдарға арналған дене шынықтыру және спорт саласындағы ынтымақтастыққа қол қойды.

Тараптар 2005 жылы 11 наурыздағы ҚР-ның Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі мен РФ-ның Дене шынықтыру және спорт жөніндегі агенттігі арасындағы Хаттама мен ТМД және әртүрлі халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылдың маңыздылығын ескере отырып, әріптестік орнатты.

  1. Бағдарламаның негiзгi мақсаты мен мiндеттерi

    Бағдарламаның мақсаты – азаматтардың дене шынықтыру және спортпен айналысу құқығын қамтамасыз ету, жоғары дәрежелі спортшыларды халықаралық бәсекелерге даярлау жүйесін құру, дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттарын тиімді пайдалану, спорттық ғылым мен допингке қарсы қызмет саласында тәжірибе алмасу, спорт саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға бағытталған іс-шаралар кешенін жүзеге асыру. Бағдарлама екі елдің дене шынықтыру мен спорт саласындағы барлық ұйымын қамтиды.

    Бағдарламаны орындау процесi мынадай негізгі мiндеттердi шешуді көздейді:

    Екі мемлекет аумағындағы дене шынықтыру-сауықтыру және спорт нысандарында ұлттық құрамалардың бірлескен оқу-жаттығу жиындарын өткізуге күш-жігер біріктіру;

    Салауатты өмір салтының маңызды құрамдас бөлiгi ретінде дене шынықтыру мен спортты насихаттау;

    Халықаралық деңгейде Қазақстан мен Ресейдің жағымды спорттық бейнесін қалыптастыру, беделін арттыру;

    Үкіметаралық және өзге де халықаралық спорт ұйымдары қызметі аясында спорт пен допингке қарсы күрес саласында бірлескен ұсыныстарды ілгерілету;

    Дене шынықтыру және спорт саласында бірлескен ғылыми іс-шаралар ұйымдастыруға, ғылыми кадр даярлауға көмектесу.

Өзгелердің жаңалығы