Қазақстан мен Қырғызстан азаматтарының құқықтық мәртебесін анықтайтын заң қабылданды

8 Сәуір 2021, 11:04
1719
Бөлісу:
Қазақстан мен Қырғызстан азаматтарының құқықтық мәртебесін анықтайтын заң қабылданды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенатта ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев депутаттарға «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын таныстырды.

Министрдің айтуынша, келісімге 2019 жылы 27 қарашада Бішкек қаласында қол қойылды.

Бұл құжат – азаматтық туралы ақпарат алмасуға, заңсыз көші-қонмен күресуге мүмкіндік береді. Атап айтсақ, статистика мен ақпарат алмасуға мүмкіндік береді, азаматтар туралы жеке ақпарат алуға болады. Одан бөлек, екі ел үкіметтері тәжірибе алмасып, бір-біріне практикалық көмек көрсетеді, Қазақстан мен Қырғызстан азаматтарының құқықтық мәртебесі анықталады және көші-қон саласындағы қылмыспен күресіп, заңсыз каналдарды жоюға мүмкіндік береді, - деп түсіндірді Тұрғымбаев.

ІІМ басшысы баяндағандай, Қырғызстан Парламенті келісімді 2021 жылғы 17 ақпанда бекітті. Бүгінгі таңда Ішкі істер министрлігі көші-қон бойынша 23 халықаралық келісімді бекітті. 

Халықаралық деңгейде тағы 8 келісім дайындалуда. Осы келісімдердің нәтижесінде заңсыз көші-қон бойынша ақпарат алмасу жолға қойылады, адамдарды басқа елдерге қайтару мәселесі шешіледі, шетелдіктердің Қазақстанда болу мерзімі анықталады және қос азаматтыққа жол бермеу мәселесі шешіледі, - деп атап өтті ол Сенат отырысында.

Министрдің деректеріне сәйкес, былтыр Қазақстанға Қырғызстаннан 281 мыңнан астам азамат келген, осы жылы 3 айда  – 32 мыңнан асқан. Ал Қазақстаннан өткен жылы 175 мың азамат Қырғызстанға барған. Осы жылы 3 айда 36 мыңнан асқан.

Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, екі елдің ынтымағы артып жатыр. Қазақстан осындай келісімді Өзбекстан, Тәжікстан, Әзербайжан және Беларусь мемлекеттерімен жасады. 

Сенат депутаттары заң жобасын қабылдады.

Өзгелердің жаңалығы