Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе қатынасын ашу үшін құқықтық база құрылады

17 Қараша 2021, 10:29
1716
Бөлісу:
Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе қатынасын ашу үшін құқықтық база құрылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілісте «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы Әуе қатынасы туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңның жобасы қаралды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, Елбасының, Президенттің тапсырмаларын, «100 нақты қадам – Ұлт жоспарының» 73-қадамын және Қауіпсіздік кеңесінің хаттамасын орындау мақсатында 2019 жылғы 30 желтоқсанда Үкімет пен АҚШ Үкіметі арасында Әуе қатынасы туралы келісімге қол қойылды.

Жоба «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» Заңның 5-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді.

Келісімнің негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары арасында тікелей әуе қатынасын ашу үшін құқықтық база құру. Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) әуе қатынасын ырықтандыру жөніндегі ұсыныстарына және Америка тарапының ұсыныстарына сәйкес, келісім шеңберінде тараптар әуе компаниялары, пунктер мен рейстер саны бойынша, оның ішінде жолаушылар тасымалдары үшін «әуе еркіндігінің» бесінші деңгейімен шектеусіз ұша алады, – деді министр Мәжілісте.

Бейбіт Атамқұлов атап өткендей, бұл – ел тарихындағы алғашқы «ашық аспан» режиміндегі келісім. Яғни кез келген қазақстандық әуе компаниясы үшінші елдерге жолаушыларды жеткізу және әкелу құқығымен Қазақстанның кез келген қаласынан АҚШ-тың кез келген қаласына рейстер бойынша шексіз санмен жолаушылар тасымалын, сондай-ақ АҚШ пункттері мен АҚШ-тан тыс кез келген пунктер арасында жүк тасымалын орындай алады.

Келісімді ратификациялау туралы заңды қабылдау Қазақстан тарапынан қосымша бюджеттік шығындар мен міндеттемелерге алып келмейді және еліміздің көліктік қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

Өзгелердің жаңалығы