Қазақстан мемлекеттік шекарадағы шектеу шараларын күшейтеді

3 Қараша 2020, 09:57
1283
Бөлісу:
Қазақстан мемлекеттік шекарадағы шектеу шараларын күшейтеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2 қарашада ҚР премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен ҚР аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) селекторлық отырысы өтті. Бұл туралы премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлады.

Санитарлық-эпидемиологиялық ахуал және COVID-19-дың екінші толқынына дайындық туралы денсаулық сақтау министрі А. Цой, жеке қорғаныш құралдарының баға саясатын мониторингілеу жұмысы туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы С. Жұманғарин, санитарлық талаптардың сақталуын бақылау туралы ішкі істер министрі Е. Тұрғымбаев, өңірлердегі ахуал туралы Ақмола облысының әкімі Е. Маржықпаев, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ. Ақсақалов, Павлодар облысының әкімі Ә. Сқақов, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ш. Бұқтұғұтов баяндады. 

Биылғы 2 қарашадағы жағдай бойынша ҚР көптеген өңірінде сырқаттанушылықтың өсуі байқалады.

Осы жылғы 5-18 қазан аралығында елімізде вирусты жұқтырған 1272 адам анықталды, 19 қазан мен 1 қараша аралығында – 3352 адам. Тәулігіне 442 адам ауырып қалды. Өсу қарқыны 0,4%-ды, репродуктивтілік көрсеткіші 1,4-ті құрайды. Инфекциялық төсек орындары 22%-ға, реанимациялық орындар 18%-ға жүктелген. 

Бір ай ішінде сырқаттанушылық деңгейінің ең жоғары өсімі Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қостанай, Батыс Қазақстан, Павлодар облыстарында байқалады. 

Үкімет басшысы бизнес субъектілері мен халықтың шектеу шаралары мен карантин режимін сақтауын бақылау жөніндегі мониторингтік топтар қызметінің тиімділігін арттыруды тапсырды. 

Премьер-министр барлық өңірлер тұрақтандыру қорларын Денсаулық сақтау министрлігінің нормативтеріне дейін жеткізу бойынша алға қойылған міндетті орындағанын атап өтті. 

Үкімет басшысы емханаларды, стационарларды, жедел жәрдем қызметтерін қажетті жабдықпен толықтыруды жалғастыруды тапсырды. 

Цифрландыру және денсаулық сақтау министрліктеріне ауруды жұқтырғандармен байланыста болған адамдарды, науқастарды қадағалау, санитариялық талаптардың сақталуына мониторинг жасау жөніндегі бағдарламаларды әзірлеп, енгізуді жеделдету, Индустрия министрлігіне өңірлерге рентген аппараттарын, жедел жәрдем автокөліктерін жеткізуді жылдамдату, әкімдіктерге оларды қабылдауды тездету тапсырылды. 

ВАК бірқатар шешім қабылдады: 

І. Мына азаматтар үшін Мемлекеттік шекараны кесіп өту тәртібіне өзгерістер енгізу: 

ҚР аумағында тұруға ықтиярхаты бар шетелдіктер, олардың отбасы мүшелері үшін; 

ҚР азаматтарының отбасы мүшелері болып табылатын шетелдіктер үшін. 

Аталған санаттағы тұлғалар ҚР Мемлекеттік шекарасын 90 тәулікте 1 реттен артық кесіп өте алмайды (бұған дейін 30 тәулік болған). 

II. Визасыз режим бойынша 

57 елдің азаматтары үшін визасыз режимді тоқтата тұруды 2021 жылғы 1 мамырға дейін ұзарту. 

ҚХР мен Үндістаннан келетін транзиттік жолаушылардың ҚР аумағында 72 сағат визасыз болуын тоқтата тұруды 2021 жылғы 1 қаңтарға дейін ұзарту. I

ІІ. Түркиямен әуе рейстері бойынша 

2020 жылғы 9 қарашадан бастап Түркиямен халықаралық әуе рейстерінің санын аптасына 33-тен 20-ға дейін қысқарту.


Өзгелердің жаңалығы