Қазақстан Қарулы Күштерінің қатарын 350 жас офицер толықтырды

26 Маусым 2021, 17:49
1493
Бөлісу:
Қазақстан Қарулы Күштерінің қатарын 350 жас офицер толықтырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы қаласында Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері Әскери институтының лейтенанттарын салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті.

Дипломдарын қолға алған 350 жас офицер Қарулы Күштердің қатарын толықтырды. Бітірушілердің қатарында – он бір Тәжікстан елінің өкілі мен Қырғызстанның жеті азаматы бар. Жоғары оқу орны Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің қарулы күштері үшін әскери кадрларды бірлесіп даярлайтын оқу орындарының тізіміне енгізілген.

Құрлық әскерлерінің әскери оқу орны Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары, сондай-ақ ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер үшін офицер кадрлар даярлайды. Оқу алты мамандық пен он бір біліктілік негізінде жүргізіледі.

Білім ордасында болашақ офицерлердің әскери мамандықтарды меңгеруіне барлық жағдай жасалған. Институтта толыққанды оқу-материалдық база бар. Заманауи зертханалармен, дәріс беру аудиторияларымен жабдықталған. Тәжірибелік сабақтар өткізу кезінде далалық оқу-жаттығу орталығы қолданылады.

Қазақстан Қарулы Күштерінің қатарын 350 жас офицер толықтырды

Шара түлектердің жауынгерлік тумен қоштасу рәсімі және дәстүрлі офицерлік вальспен аяқталды.

Осы жылы институт алғаш рет «Әскери істегі радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс» мамандығы бойынша оқыған он бір офицер даярлады.

Жоғары оқу орны бүгінгі күнге дейін 18 мыңнан астам офицер дайындады. Олар қазіргі уақытта Қазақстан мен ТМД елдерінің Қарулы Күштерінде қызмет етуде. Көптеген түлектер ірі әскери бірлестіктер мен құралымдарда басшылық етіп, жоғары әскери атақтарға, үкіметтік марапаттарға ие болды.


Өзгелердің жаңалығы