Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚР Қарулы Күштері Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Мұрат Бектанов Беларусь Республикасына ресми сапармен барды.
Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.Беларусь Республикасының Қорғаныс министрі генерал-лейтенант Виктор Хренинмен және Қарулы Күштері Бас штабының бастығы генерал-майор Виктор Гулевичпен кездесулерде қорғаныс саласындағы қазақстан-беларусь ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, екіжақты және көпжақты негізде жауынгерлік даярлық іс-шаралары мен оқу-жаттығуларды өткізуді, Армиялық халықаралық ойындарды ұйымдастыру және оған қатысу, кадрлар даярлау және әскери білім беру, әскери-техникалық ынтымақтастық, патриоттық тәрбие мәселелері, - делінген хабарламада.
Тараптар өзара қызығушылық тудыратын салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге өзара мүдделілікті атап өтті.
Сапар барысында Беларусь Республикасының Әскери академиясына, жеке десанттық-шабуылдау бригадасына, қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің кәсіпорындарына, Ұлы Отан соғысы тарихи жәдігері Беларусь Мемлекеттік мұражайына барды.
Қазақстандық делегация Бресттің күштік құрылымдарының басшылығымен, сондай-ақ Беларусь Қарулы Күштерінің Әуе-десанттық әскерлері мен Арнайы операциялар күштерінің ардагерлерімен кездесті. Генерал-лейтенант Мұрат Бектанов «Брестская крепость-герой» мемориалдық кешені мен Минск қаласындағы Жеңіс монументіне гүл шоқтарын қойды.