ҚХА Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған жиын өткізді

1 Наурыз 2021, 16:45
2175
Бөлісу:
ҚХА Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған жиын өткізді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Алғыс айту күнінің белгіленгеніне 5 жыл толуына арналған Қазақстан халқы Ассамблеясының дөңгелек үстелі өтті.

Бұл туралы Ақорданың ресми сайтында хабарланды. 

Іс-шараға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасарлары М.Бекбаева мен З.Кузиев, Қазақстан халқы Ассамблеясының Парламент Мәжілісіндегі депутаттары, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстар әкімдерінің орынбасарлары, ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестіктері мен жастар қанатының өкілдері және т.б. қатысты. 

Дөңгелек үстел барысында қатысушылар Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы белгілеген Алғыс айту күнінің 5 жылдығының біріктіруші маңызын, қазақстандық құндылықтар - ұлттық бірлік пен келісімді, қоғамдық ынтымақтастық пен өзара қолдауды, достық дәстүрлерін жаңа ұрпаққа жеткізуді бейнелейтінін талқылады.  

Іс-шараны аша отырып, Мемлекеттік хатшы биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын атап өте отырып, Алғыс айту күніне ерекше мән-мағына беріліп отырғанын баса айтты. 

Біз тәуелсіз Қазақстанның құрылуы мен дамуының бастауларында болған адамдарға айрықша алғысымызды білдіргіміз келеді. Ең алдымен, біз ата-бабаларымыздың азаттық пен егемендік туралы ғасырлар бойғы арманын жүзеге асырғаны үшін Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа зор алғысымызды білдіруіміз керек, - деді ол.

Қырымбек Көшербаев заманауи сын-қатерлерге бейімделген сапалы жаңа ұлттық бірегейлікті қалыптастырудың қазіргі заманғы жағдайында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси және экономикалық реформалармен қатар қоғамдық сананы жаңғыртуға ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті. 

Мысалы, біздің қоғамды рухани жаңғыртудың маңызды бағыты саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі ауқымды жұмыстарды аяқтау болуы керек. Тоталитаризмнен зардап шеккен көптеген халық үшін қазақ жері нағыз баспанаға айналды. Тарихи әділеттілікті қалпына келтіру, әділетсіз сотталғандардың адал есімін қайтару – міне, біз өзімізге ризашылық білдіретін ұрпақтардың жадында осыны қалдыруымыз керек. Бұл сондай-ақ  ашаршылықтың қайғылы салдарына, «Алаш» қозғалысының жетекшілерін жоюға, көптеген шынайы патриоттың тағдырына, халқымыздың тарихын бұрмалау әрекеттеріне де қатысты, - деді Көшербаев. 
Сөз соңында Мемлекеттік хатшы қазақстандықтарға әрқайсының игілігі мен еліміздің өркендеуі жолында күнделікті еңбектері үшін алғыс білдірді.

Сондай-ақ «Тұңғыш Президент жолымен – бейбітшілік пен келісімге 30 жыл» халық экспедициясы» ҚХА жобасының және «Қайырымдылық керуені: 30 игі іс» қайырымдылық марафонының тұсаукесері өтіп, білім және денсаулық, азаматтық қоғам саласының, этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен студенттер сөз сөйледі.

Өзгелердің жаңалығы