Қазақстан ғылымы: Бүгіні мен болашағы

12 Сәуір 2021, 09:34
7402
Бөлісу:
Қазақстан ғылымы: Бүгіні мен болашағы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ХХІ ғасыр әлемде ғылым мен техниканың айтарлықтай дамыған заманы. Әсіресе, соңғы бір жыл ішінде бұл сала қызметкерлері өздерінің әлеуетін жан-жақты көрсете білді. Коронавирус індетімен күреске қарсы әлем ғалымдары вакцина ойлап шығарды. Өнертапқыштардың мұндай жұмыстары елеусіз қалып жатқан жоқ.

Сала қызметкерлерін ұлықтау мақсатында елімізде ғылым саласы қызметкерлерінің мерекесі аталып өтеді. Бұл мереке 2012 жылдан бері тойланып келеді. Ғалымдар күні 2011 жылы 22 қазанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен бекітіліп, алғаш рет 2012 жылы дәл осы күні аталып өтті.

Атаулы күннің 12 сәуір деп бекітілуі бекер емес. Бүгін қазақтың айтулы академигі, ғалым-геолог әрі Қазақстан Ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаев дүниеге келген.

БҒМ-нің дерегіне сәйкес қазіргі уақытта елімізде 386 ғылыми ұйым бар. Онда шамамен 22 мың маман жұмыс істейді. Қызметкерлердің 33%-ында ғылыми дәреже бар, нақтырақ айтқанда – 1703 ғылым докторы, 4240 ғылым кандидаты, 1045 PhD докторы мен өз саласы бойынша 317 доктор.

Жолдау. Президент тапсырмасы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы халыққа Жолдауында ғылым саласын дамытуға қатысты сөз қозғады.

Бұл мәселе бойынша бізге тың көз­қа­рас пен жаңа тәсілдер керек, сондай-ақ ха­лық­аралық тәжірибеге арқа сүйеуіміз қажет. Үкіметке жыл сайын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында 500 ғалымның тағылымдамадан өтуін қамтамасыз етуді, сондай-ақ «Жас ғалым» жобасы аясында зерттеу жүргізу үшін 1000 грант бөлуді тапсырамын, - деді Президент.

Ғылымды қаржыландырудың және қол­даудың маңызды көзі – ірі кәсіп­орындардың, әсіресе шикізат саласын­дағы компаниялардың қаражаты.

Тапқан табыстың 1 пайызын ғылым мен технологияны дамытуға беру туралы қол­даныстағы норма талаптары сақталмай отыр. Көп жағдайда бұл қаражат компа­ниялардың ішінде бөлініске түсіп кетеді. Үкіметке осы қаражатты жинақтау ісін орта­лықтандыруды және оның бюджет арқылы жалпыұлттық ғылыми басым­дық­қа сай бөлінуін қамтамасыз етуді тапсы­рамын, - деп айтқан болатын Тоқаев.

Ірі бизнес өкілдері өңірлік универ­си­теттердің ғылыми қызметін қамқор­лыққа алса, нұр үстіне нұр болар еді.

Бізге елімізді ғылыми-технологиялық тұрғыдан дамыту жөніндегі арнаулы бағдарламалық құжат қажет. Оның бас­ты міндеті ұлттық деңгейдегі нақты мәселелерді шешуге ғылымның әлеуетін пайдалану болмақ.

Ғалымдардың әлеуметтік жағдайын жақсартатын заң

4 наурызда Сенатта «Кейбір заңнамалық актілерге ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қабылданды.

Заң жобасының мақсаты – ғылыми және ғылыми-техникалық саланы жетілдіру, оның нәтижелерін коммерцияландыру. Соған сәйкес енгізілген жаңа нормалар ғылыми зерттеулердің кең шоғырын республикалық бюджеттен қаржыландыруға мүмкіндік береді. 

Ғылым саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға арналған қосымша құқықтық негіздер қалыптастырады. Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландырудың және барлық ғылыми-зерттеу жұмысын қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар ұлттық ғылыми кеңестер мен ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығының құзіреттері нақтыланады, – деді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Оның айтуынша, ғылым мен техниканы дамытуға үлес қосқан ғалымдарды әлеуметтік қолдау мен көтермелеу де көзделіп отыр.

Осы мақсатпен жыл сайынғы «Үздік ғылыми қызметкер» сыйлығын беру қарастырылған. Жалпы, бұл заң елімізде ғылым саласын дамытуға өзінің үлесін қосады деп сенеміз. Сондай-ақ, заңда мемлекеттік білім беру мекемелерінің бірінші басшыларының ротациясы қарастырылған. Ол Білім және ғылым министрлігі белгілеген тәртіппен жүргізіледі, – деді Мәулен Әшімбаев.

Мемлекет басшысы 31 наурызда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойды.

Азаматтар диссертацияны онлайн форматта қорғай алады

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook парақшасында диссертациялық кеңестердің жұмысына қатысты нормативтік-құқықтық актілерге тиісті түзетулер енгізілді.

1. Енді диссертациялық кеңестердің құрамы халықаралық тәжірибені ескере отырып жасақталады. Докторанттың зерттеу тақырыптары әралуан болғандықтан, диссертациялық кеңес мүшелерінің жартысы уақытша тағайындалатын болады.

Енді кеңес мүшелері, қорғау қорытындысы бойынша диссертациялық кеңес PhD дәрежесін беру (1), PhD дәрежесін бермеу (2), диссертацияны қайта қорғауға жіберу (3) немесе докторант жұмысын пысықтауға жіберу (4) сынды шешім қабылдай алады.

Бұған дейін кеңес мүшелері тек екі шешімнің біреуін қабылдайтын еді.

Бұған қоса, енді дауыс беруге ресми рецензенттер де қатысатын болады.

2. Докторанттар зерттеу жұмыстарын жүргізу барысында жариялауы тиіс ғылыми мақалалардың саны 7-ден 4-ке дейін қысқарғанын білесіздер. Ал бір немесе екі ғылыми мақаласы рейтингі өте жоғары, беделді журналдарда жарыққа шыққан болса, докторант диссертациясын қорғауға мүмкіндік алады. Бұл санға емес, сапаға бағытталған өзгеріс өткен жылы енгізілген болатын.

Биылдан бастап, кейбір докторанттар диссертациялық жұмысты жазбай-ақ ғылыми атақты қорғай алатын болады.

Ол үшін докторант беделі мықты басылымда бір ауқымды шолу және Q1-Q2 WоS тізіліміндегі журналдарда кем дегенде екі ғылыми мақаласын автор ретінде және корреспонденция авторы ретінде жарыққа шығаруы керек.

Бұл ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесі мен сапасына қандай да бір нұқсан келтірмей-ақ зерттеу жүргізу мүмкіндіктерін едәуір кеңейтеді.

Мұндай тәжірибе көптеген шетелдік жоғары оқу орнында бұрыннан қолданылып келеді.

Дегенмен, бұл балама әдіс ретінде пайдаланылады. Докторант бұрынғыдай өз қалауы бойынша дәстүрлі түрде диссертация жазып, зерттеу жұмыстарын қорғай алады.

3. Ғылыми жұмысты қорғау процедурасы интернет желісі арқылы тікелей эфирде жүргізіледі.

Яғни диссертацияны қорғау рәсімі толығымен ашық форматта өтеді. Ендігі кезекте ғылыми және академиялық қауымдастықты белсенді болуға шақырамын. Енді кез келген ғылыми зерттеулермен танысып, докторанттардың жұмысына ашық пікір қалдыра аласыздар.

4. Докторанттың диссертациясы толық дайын болған кезде кафедраның кеңейтілген отырысында ғылыми жұмыс бір рет талқылаудан өтеді.

Негізгі талқылау жұмыстары диссертацияны қорғау кезінде жүргізіледі. Осылайша, қорғау сапасы жақсарып, диссертациялық кеңестердің жауапкершілігі артады.

5. Ерекше мәртебесі бар жоғары оқу орындары үшінші жыл қатарынан PhD дәрежесін өздері тағайындап, жеке үлгідегі дипломдар беріп жатыр. Енді ұлттық жоғары оқу орындары докторанттардың жарияланымдарына өз шешімдері бойынша, қосымша, жоғары талаптар қоя алады.

6. Енді ел азаматтары диссертацияны онлайн форматта қорғай алады.

Бұл – әлем бойынша кеңінен пайдаланылып жатқан тәжірибе. Пандемия кезінде Калифорниядағы Беркли университеті, Оксфорд, Кембридж, Гарвард, Сингапур Ұлттық университеті және басқа да оқу орындары алғашқылардың бірі болып диссертацияны қорғауды онлайн форматта өткізген еді.

Елдегі ғылым саласын қалай дамытамыз?

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Айжан Сқақова елдегі ғылым саласындағы проблемалар туралы айтып, оны шешу жолдарын ұсынды.

Ұлттық статистика бюросының, Білім және ғылым министрлігі мен Ғылым қорының ресми деректері бойынша, ғылыми ұйымдар санының қысқаруы зерттеушілердің азаюына алып келді. Мемлекеттік ҒЗИ ғылыми зерттеушілерінің саны 2015 жылғы 12 660 адамнан 2019 жылы 9 533 адамға дейін қысқарды. Соңғы он жылда ғалымдардың ғылыми біліктілігінің сапасы да айтарлықтай нашарлады. Ғылыми әзірлемелерге тартылған зерттеуші мамандардың жалпы санынан республика бойынша 2015 жылдан бастап 2019 жылға дейін ғылым докторлары – аға буын ғалымдарының саны 82%-ға азайды. Оның ішінде тек «инженерлік әзірлемелер және технологиялар» бағыты бойынша ғылым докторларының саны 88%-ға қысқарды.

Депутат ғалымдардың аз еңбекақыларын көбейтуді ұсынды.

Дерекке сәйкес еңбек өтіліне байланысты ғылым докторының орташа жалақысы 166 681 теңгені, ғылыми қызметкердің жалақысы – 93 971 теңгені, зертханашы/докторанттың жалақысы – 84 061 теңгені, магистрдің жалақысы – 77 336 теңгені, бакалаврдың жалақысы – 75 600 теңгені құрайды. Салыстыру үшін айтсақ, Қазақстан бойынша 2020 жылғы орташа жалақы 209,8 мың теңгені құрайды.

Депутат мәселені былай шешуді ұсынды:

- Отандық ғылымның дамуын басым стратегиялық міндет және Қазақстанды ЭЫДҰ елдерінің деңгейіне дейін дамытудың қажетті шарты ретінде айқындау. Ғылымды қаржыландыруды кезең-кезеңмен 0.5-1-1.5-2 пайызға көтеру;

- Ғылыми қоғамдастықпен бірлесіп басқару мен қаржыландырудың тиімді жүйесі бар сала ретінде ғылымның жаңа ұйымдық моделін әзірлеу;

- Ғылыми ұйымдарды базалық және гранттық қаржыландыру тетігінің жүйесін қайта қарау;

- Ғылыми қызметкерлердің еңбекақысын кемінде екі есе ұлғайту және оларға кепілді базалық жалақы белгілеу;

- Жас ғалымдарды әлеуметтік ынталандыруды көздеу: әлеуметтік пакетпен қамтамасыз ету (денсаулықты сақтандыру, біліктілігін арттыруға ақы төлеу, тұрғын үй проблемаларын шешу - жатақханалар, кейіннен сатып алу құқығымен жалға берілетін пәтерлер салу және беру, балабақшаларға, санаторийлік жолдамаларға ақы төлеу бойынша жеңілдіктер және т.б.).  

Қазақстанда қандай ғылым салалары дамып келеді?

Елімізде қабылданған бағдарламалар нәтижесінде бірнеше ғылым саласы дамып, қазақ ғылымының жетістігі ретінде бағалануда:

– «Парасат» ғылыми-техникалық орталығы» АҚ тау-кен және металлургия саласы бағдарлама негізінде «отқа төзімді және сапасы төмен шикізаттарды өңдеу мен байыту технологиясымен» ең алғаш демеркуризациялы өңделген көмірден вакуумда алтын өндіру, бөліп алу үшін үздіксіз әсер етуші құралдар мен технология әзірледі;

– Ж.Әбішев атындағы химия-металлургиялық институты Минералды шикізаттарын кешенді қайта өңдеудің Ұлттық орталығымен бірлесе отырып, «Минералды-шикізат ресурстары мен түрлі-түсті металлургияның техногенді қалдықтарын тиімді пайдаланып, отандық өндіріске қажетті өнім алу» бағдарламасы бойынша маңызды ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді;

– Іргелі ғылымдар бағдарламасы бойынша емдік дәрі-дәрмек жасауда «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингі» АҚ «Өсімдіктер және олардың синтетикалық баламаларының жаңа биологиялық белсенді қосылысы» тақырыбында алғаш рет бірегей дәрілік заттар алуды қолға алғаны еліміз үшін мақтан тұтарлық жаңалық; 

– Қазақстан Республикасында атом энергетикасының дамыту бағдарламасы бойынша энергетика саласында жер бетін атмо-геохимикалық түсіруде оның геологиялық ортадағы техногендік өзгерістерінің әдістемесі мен модельдік бағдарламасы әзірленді.

Бұнымен қоса ауыл шаруашылық, медицина салалары бойынша елімізде ірі-ірі жетістіктер орын алғандығы көз қуантады.

Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында еліміз бұл салада айтарлықтай жетістіктерге жетеді деп сенеміз.

Өзгелердің жаңалығы