Қазақстан ғылымға аз қаражат бөлетін елдер қатарында

31 Тамыз 2021, 12:26
13643
Бөлісу:
Қазақстан ғылымға аз қаражат бөлетін елдер қатарында

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан ғылымға аз қаражат бөлетін елдер қатарында, ал ғылым жөніндегі рейтингте 74-орында. Бұл туралы Инклюзивті дамыту қорының директоры Мақсат Күрбенов Алматыда өткен онлайн конференцияда айтты.

Қор директорының айтуынша, ЮНЕСКО әлем елдерінің ғылымға, ғылыми зерттеу жұмыстарына қанша қаражат жұмсап отырғаны жайлы статистиканы жариялаған. Онда Америка құрама штаттары ІЖӨ-нің 3 пайызын, яғни 600 млрд доллар жұмсайтыны көрсетілген. Сондай-ақ дамыған елдерде 1 млн адамға шаққанда 7,5 мыңы ғылыммен айналысатыны айтылған. 

Біз кіруге ұмтылып жүрген дамыған 30 ел ғылымға көп қаражат бөліп отыр. Ал Қазақстан ғылымға аз қаражат бөлетін елдер қатарында. Еліміз ғылымға ІЖӨ-нің 0,2 пайызын ғана бөледі. Қазақстандағы ғылыммен айналысатындар саны бір миллон адамға шаққанда 800 адамға да жетпейді. Бұл - өте төмен көрсеткіш. Сонымен қатар елімізде ғылыммен айналысып жүргендер арасында еркектерге қарағанда әйелдер басым. Қазақстан әлемде ғылым жөніндегі рейтингте 74-орында. Филиппин, Кения, Венесуэлла, Эстония елдері бізден жоғары тұр, - дейді М. Күрбенов. 

Мақсат Күрбенов Қазақстанда ғылымды дамыту үшін алдымен жастардың ғылымға деген ынтасын оятатын шараларды көптеп ұйымдастыру қажеттігін айтады.

Біздің қор еліміздегі ғылым мен білімді дамыту үшін 2020 жылдан бері Нобель сыйлығы иегерлерінің қатысуымен ғылым фестивалін өткізуді қолға алды. Бұл ҮЕҰ-дың атсалысуымен өткізілетін шара, оған мемлекеттен ешқандай қаражат бөлінбейді. Біз бұған неліктен келдік, неге ғылыми фестивальді ұйымдастырдық дегенге келсем. Барлық дамыған ел Нобель сыйлығы иегерлерінің қатысуымен көптеген фестиваль мен ғылыми конференция өткізіп отырады. Қазақстан мен Орталық Азия, жалпы ТМД көлемінде осыған ұқсас қандай шара өтетінін қарап көрсек, тек Жалпыресейлік ғылым фестивалі өтеді екен. Сондықтан бізге ғылымда жетістікке жеткен адамдардың дәрісін оқитын, пікірталас өткізетін жиындарды көптеп ұйымдастыру қажет, - дейді ол. 

2020 жылы Қазақстан мен Орталық Азия көлемінде өткен ғылым фестиваліне 20 мыңдай студент қатысыпты. Бұл фестиваль биыл қазан айында онлайн форматта тағы өтпек, ол кезде аймақ бойынша 40 мыңдай адам қамтылады деп жоспарланған. Фестиваль барысында Нобель сыйлығының иегерлері Қазқастан, Әзербайжан және Өзбекстаннан бір мезетте қосылып, дәріс оқиды.

Өзгелердің жаңалығы