Қазақстан-Франция матчы көрерменсіз өтеді. Әкімдік стадионға жиналмауға шақырды

28 Наурыз 2021, 15:27
1723
Бөлісу:
Қазақстан-Франция матчы көрерменсіз өтеді. Әкімдік стадионға жиналмауға шақырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласының «Астана Арена» стадионында 2022 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінің матчын Қазақстан құрамасы Франция командасымен 28 наурыз күні ойнайды.

Қала әкімдігінің хабарлауынша, ФИФА ережелеріне сәйкес коронавирустық пандемиямен байланысты әлемдегі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, барлық матчтар көрермендерсіз өткізіледі.

Осыған байланысты Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 19:00-де «Астана Арена» стадионында басталатын бүгінгі ойын көрермендерсіз өтеді және «Qazsport» телеарнасының тікелей эфирінде көрсетіледі.

Қазақстан құрамасы үшін бұл 2022 жылы өтетін әлем чемпионатына іріктеу кезеңінің алғашқы матчы болмақ.

Естеріңізге сала кетейік, кеше 27 наурызда екі команда «Астана Арена» стадионында ойын алдындағы жаттығуларын өткізген болатын.

Аталған ойын елордадағы эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, санитарлық нормалар мен талаптарды қатаң сақтай отырып өткізіледі. Әкімдік азаматтардың назарына «Астана Арена» стадионы тұрғындар мен қонақтар үшін жабық болатындығын. Ойынды іштен тамашалу және футболшылармен суретке түсу мүмкін болмайтындығын жеткізеді. Бұдан бөлек футбол жанкүйерлері мен жастарды «Астана Арена» стадионына жиналмауға шақырамыз. Бүгін ол маңда полиция мен әкімдік қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік жүргізетін болады. Олар жұрт көп жиналмас үшін жағдайды қадағалайтын болады, - делінген хабарламада.

Сонымен бірге әкімдік елордада коронавирусты жұқтыру қаупі әлі де жоғары екенін ұмытпауды еске салып, сырқаттанушылық көрсеткішінің артуына байланысты елорда тұрғындары мен қонақтарын адам көп жиналатын орындардан аулақ болуға шақырады.

Өзгелердің жаңалығы