Қазақстан дзюдо федерациясы Олимпиада жүлдегерлеріне сыйақы тағайындады

14 Тамыз 2021, 18:41
6458
Бөлісу:
Қазақстан дзюдо федерациясы Олимпиада жүлдегерлеріне сыйақы тағайындады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында дзюдодан Олимпиада, әлем және Азия чемпионаттының жүлдегерлерін марапаттау рәсімі өтті. Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қайрат Қожамжаров спортшылар мен жаттықтырушылар, ұлттық құраманың ғылыми-кешенді топ өкілдеріне ақшалай сыйақы тағайындады, деп хабарлайды Olympic.kz.

Елордада Федерация президенті Қайрат Қожамжаров ХХХІІ жазғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері  дзюдошы Елдос Сметовке 5 млн теңгенің сертификатын табыстады.

Біз бүгін жылдың ең маңызды додасы саналған Олимпиада ойындарын қорытындылап отырмыз. Токио төрінде біздің мақтанышымыз, өжет Елдос өте нәтижелі күрес көрсетіп, ел қоржынына қола медалін салды. Бұл біз үшін, Қазақстан дзюдосы үшін тарихи жүлде болып саналады. Елдос дзюдодн Олимпиада ойындарының екі дүркін жүлдегері атанған тұңғыш қазақстандық спортшы. Ұсақ жарақаттарына қарамастан өзінің әлемдік дәрежедегі мықты спортшы екенін тағы бір рет дәлелдеді, - деді Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қайрат Қожамжаров.

Қазақстан дзюдо федерациясы Олимпиада жүлдегерлеріне сыйақы тағайындады

Өз кезегінде федерация президенті дзюдодан ұлттық құрама мүшелерінің жылдың маңызды додаларынан жүлдесіз қайтпағанын тілге тиек етті.

Қазақстан дзюдосы үшін биылғы жылды жаман болды деуге болмайды. Пандемияға және кездескен қиындықтар мен шектеулерге қарамастан ұлттық құрама спортшылары қатысқан маңызды жарыстардан жүлдесіз оралған жоқ. Мәселен, әлем чемпионатынан Ғұсман Қырғызбаевтың күміс жүлдесін, Елдос Жұмақановтың Азия чемпионатындағы қола жүлдесін айтуға болады. Қыздарымыз да биыл жүлдеден қалыс қалған жоқ. Абиба Абужақынова әйелдер арасында Азия чемпионатының күміс жүлдесін иеленсе, Севара Нишанбаева қола медальді ұтып алып, үздік үштікке енді, - деді ол.

Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қайрат Қожамжаровтың мұрындық болуымен салтанатты шара Алматыда жалғасын тапты. 2021 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ғұсман Қырғызбаевқа 4 млн теңге, Азия чемпионатының жүлдегерлері Абиба Абужақынова (күміс) мен Елдос Жұмақановқа (қола) – 500 мың теңге, құрлықтық біріншіліктің қола жүлдегері Севара Нишанбаева 300 мың теңге көлемінде сыйақы тағайындалды. Алматы қаласында жалғасын тапқан салтанатты шарада сертификаттарды спортшыларға Қазақстан дзюдо федерациясының бас хатшысы Асхат Житкеев табыстады.

Сонымен қатар, сыйақыға ұлттық құрама бас бапкері, спортшының жеке жаттықтырушылары мен ғылыми-кешенді топ өкілдері де ие болды.

Атап айтқанда, дзюдодан Қазақстан ерлер ұлттық құрама командасының бас бапкері және Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Елдос Сметовтың жеке жаттықтырушысы Ғалымжан Жылгелдиевке – 1 млн теңге, Ұлттық құраманың аға жаттықтырушысы Қален Қалиұлы мен әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ғұсман Қырғызбаевтың жек ежаттықтырушысы Ермек Насиевке – 500 мың теңге, Ұлттық құрама дәрігері Талғат Абдымамыновқа 500 мың теңге және құрама массажисті Бағлан Қалибеков 300 мың теңге көлемінде сыйақының сертификатымен марапатталды.

Қазақстан дзюдо федерациясы Олимпиада жүлдегерлеріне сыйақы тағайындады

Бүгін марапатқа ие болған барлық спортшының атынан Қазақстан дзюдо федерациясына алғыс айтқым келеді. Тек қана ресми салтанатты шараларда ғана емес,  татамиге шығарда, кез келген жарысқа дайындық барысында біз дәл осындай қолдаудың барын сеземіз. Бізге артылған үмітті, сенімді ақтау үшін ешқашан аянып қалмаймыз! Әлемдік аренада ел намысын абыроймен қорғау - біздің, спортшылардың Отан алдындағы парызы. Ал дәл осындай қолдау мен сенімнің арқасында біз жігерленіп, борышымызды адал өтеуге барымызды саламыз. Көк туымыздың көкте желбіретіп, ел мерейін үстем ету – бізге рух беріп, жігерлендіреді, - деді дзюдодан Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Елдос Сметов.

Өзгелердің жаңалығы