Қазақстанның 19 миллионыншы тұрғыны қалай таңдалғаны айтылды

4 Тамыз 2021, 11:49
5856
Бөлісу:
Қазақстанның 19 миллионыншы тұрғыны қалай таңдалғаны айтылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистикасы бюросының халықтың ағымдағы есебі деректеріне сәйкес 2021 жылғы 20 маусымда Қазақстанның 19 миллионыншы тұрғыны дүниеге келді.

Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының баспасөз қызметі хабарлады.

Еліміздің 19 миллионыншы тұрғыны ретінде Азаматқызы Жания анықталды.

Азаматқызы Жания Алматы қаласында туған. Отбасында 4-бала. Туу туралы актісіне сәйкес нәрестенің ата-анасы Алматы облысы Іле ауданы Чапаево ауылында тұрады. Анасы - Назгүл Балтабайқызы Көбентаева 1986 жылы туған. Әкесі - Азамат Әбілғаппарұлы Нұрғалиев 1982 жылы туған.

19 миллионыншы тұрғынды анықтау барлық демографиялық оқиғаны: табиғи қозғалыс өсімін (белгілі бір кезеңде тірі туғандар мен қайтыс болғандар арасындағы айырма) және халықтың көші-қон айырымын (еліміздің аумағына белгілі бір кезеңде келгендер саны және оның шегінен тыс кеткендер саны арасындағы айырма) ескеріп жүргізілді. Кандидатура жалпы республика бойынша тұратын жеріне тәуелсіз анықталды.

Жалпы тәуелсіздік жылдары ішінде халық саны 2 557,9 мың адамға (15,5%) өсіп, ағымдағы жылғы 1 шілдеге 19 009,6 мың адамды құрады.

Еске салсақ, кеше ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Қазақстан халқының саны тарихи межеге жеткенін, 19 миллионыншы тұрғын дүниеге келгенін хабарлаған болатын.

Өзгелердің жаңалығы