Қазақконцертке Роза Бағланованың есімі берілді

29 Қазан 2021, 12:28
1310
Бөлісу:
Қазақконцертке Роза Бағланованың есімі берілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақконцерттің ресми атауы ауысып, КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Халық қаһарманы Роза Бағланованың есімі берілді. 

Қазақконцерттің атауы Үкіметтің 17 тамыздағы қаулысына сәйкес ауысқан. 2022 жылы қазақтың бұлбұл әншісі Роза Бағланованың туғанына 100 толуына орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлы әншінің есімін халық жадында мәңгі сақтау үшін шараларды қабылдауды тапсырғаны болатын. 

Ұйым басшысы Жеңіс Сейдуллаұлы Қазақконцерт ұжымы үшін бұл - өзекті тапсырма екенін айтты.

Қазақконцерт тарапынан ұйымға Роза Бағланованың есімін беру мәселесін қарастыру жөнінде Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлованың атына хат жолданған болатын. Бұл игі бастаманы халық әртістері, Қазақконцерт құрамында өнер көрсетіп жүрген еліміздің еңбек сіңірген қайраткерлері, мәдениет үздіктері мен жас таланттар бірден қолдады. Олардың қатарында: Бибігүл Төлегенова, Нұрғали Нүсіпжанов, Мұрат Құсайынов, Ақжол Мейірбеков, Алтынбек Қоразбаев, Роза Рымбаева, Айман Мусахаджаева, Нағима Есқалиева, Мақпал Жүнісова, Айжан Нұрмағамбетова, Бағдат Самединова, Жеңіс Ысқақова, Құрмаш Махан, Азамат Жылтыркөзов, Ерлан Рысқали, Медет Чотабаев, Әміре т.б. орындаушылар бар. Аталған шара Роза Бағланова есімінің ұлт жадында, келешек ұрпақтың есінде мәңгі сақталуына және уақыт өткен сайын қайта жаңғырып отыруына елеулі үлес қосады деп білеміз, - деді ол. 

Өткен концерттік маусымда өзінің 60 жылдық мерейтойын атап өткен Қазақконцертте Роза Бағланова бұл ұйымда 1960 жылдан бастап өмірінің соңына дейін жемісті еңбек еткен. Қазақконцерттің негізін қалаушылардың бірі, ұйымның әншісі болып қазақтың ән өнерін дамытуға өлшеусіз зор үлес қосты. 

Өзгелердің жаңалығы