Қазақ тілінің латын әліпбиі түркі тілдерінің әліпбилеріне өте жақын – профессор

29 Қаңтар 2021, 14:54
4102
Бөлісу:
Қазақ тілінің латын әліпбиі түркі тілдерінің әліпбилеріне өте жақын – профессор
EX

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Премьер-министр Асқар Мамин қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия отырысында 2023 жылдан бастап Қазақстанның латын әліпбиіне көшуі айтылды. Осы орайда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Қарлығаш Сәрекенова жаңа латын әліпбиінің ерекшелігі туралы айтып берді.

- Үкіметте латын әліпбиіне 2023 жылдан бастап көшу туралы айтылды. Әліпбидің соңғы нұсқасының ерекшелігі мен артықшылығы қандай?

2023 жылдан бастап көшу туралы жоғары мінберлерде айтылса, ол сол саяси шешімнің жан-жақты ойластырылған, тыңғылықты қарастырылған мәселе екенін көрсетеді. 2 жыл емес, латын әліпбиін тыңғылықты әзірлеп, енгізуге әрекет жасалып жатқалы біраз жыл өтті емес пе?! Сондықтан біраз жұмыс атқарылды. Латын графикасына негізделген алфавиттің өзгертілген нұсқасында өзіміздің ұлттық дыбыстарды белгілеу үшін кейбір еуропалық және туыстас түркі тілдерінің тәжірибесі бойынша диакритикалық таңбалар қазақ фонемаларының мағыналық мазмұнын толық жеткізетін умлаут, бревис, седил және макрон қолданылды.

- Латын графикасындағы қазақ жазуы емлесін сақтау үшін қандай шаралар қабылданды?

Ең алдымен, ұлттық дыбыстарды сақтауымыз керек. Сөздік қорымыздағы сөздерді төл сөздер мен кірме сөздер, көне сөздер мен жаңа сөздер, актив сөздер мен пассив сөздер деген секілді топтарға бөлмей, барлық сөзді жазуда емле ережесіне бағынуымыз керек деп ойлаймын. Сонда ғана бірізділік сақталып, екі ойлылыққа жол берілмейді.

Латын алфавитіндегі емле ережелері қазақ тілінің заңдарына, жазу практикасында осы уақытқа дейін қалыптасқан негізгі нормаларға сәйкес келеді. Емле ережелеріне енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың ғылыми түсіндірмесі лингводидактикалық оқулықтарда, орфографиялық сөздіктерде, анықтамалықтарда және әртүрлі нұсқаулықтарда кеңінен қамтылуы керек.

- Әліпбидің бұл нұсқасы әлемнің елуге жуық мемлекетінде тұратын қазақтардың пайдалануына қалайша қолайлы болмақ?

Әлемнің елуге жуық мемлекетінде тұратын қазақтардың басым бөлігі қазірдің өзінде латын әліпбиін қолданатын мемлекеттерде тұрады. Сондықтан қолайлы болады деп ойлаймын.

- Жетілдірілген әліпби нұсқасының халықаралық әліпби жүйелерімен сәйкестігі қандай?

Негізінен, ерекшелік диакритикалық таңбаларда деп ойлаймыз, ал диакритикалық таңбалар латын негізді көптеген тілде пайдаланылады. Ғалымдар тарапынан ұсынылып отырған диакритикалық таңбалар тіліміздің дыбыстық ерекшелігіне сай қолданылып, оның дыбыстық мазмұнын толық ашып, әр диакритикалық таңбаны халықаралық әліпби жүйелерімен сәйкестікте беріліп отыр. Атап айтатын болсақ, 6 әріп диакритикалық таңбамен беріліп отыр, оның 4-еуі дауысты, оның ішінде 3 жіңішке дауысты умлаут белгісімен Ää, Öö, Üü, жуан дауысты Ūū макрон белгісімен берілді. Дауыссыз дыбыстардың 2-еуі, оның ішінде Ğğ бревис таңбасымен, Şş әріпасты седиль таңбасымен беріліп отыр. Бұл диакритикалық таңбалар әліпбидегі әріптеріміздің табиғатын толық ашады деген ойдамыз.

- Қазақ тілінің латын әліпбиі түркі тілдері әліпбилеріне қаншалықты ұқсас?

Қазақ тілінің латын әліпбиі түркі тілдерінің әліпбилеріне өте жақын, яғни сәйкестіктер көп. Әйтсе де, әр тілдің өз ерекшелігіне қарай, әрбір түркі тілінің кейбір дыбыстарды берудегі ерекшеліктері сақталып отыр. Мысалы, қазақ тілінде Qq дыбысының берілуі.

- Сұхбатыңызға рақмет!

Өзгелердің жаңалығы