Қазақ тележурналистикасы ауыр қазаға ұшырады – Берік Уәли

17 Ақпан 2021, 13:17
4585
Бөлісу:
Қазақ тележурналистикасы ауыр қазаға ұшырады – Берік Уәли

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Телевизияның өркендеуіне жастық жалыны мен кемел дарынын қатар жұмсаған, өлшеусіз еңбегі сіңген абзал аға Нұртілеу Иманғалиұлы өмірден озды, деп жазды Facebook-тегі парақшасында Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли.

Сонау боз жігіт күніміз 20 жасымызда Нұрбол досым екеуіміз телевиденияның есігін алғаш аттағанда, алдымыздан шығып, ағалық ақылын аямаған қамқорымыз болып еді. Өзінің тікелей міндеті болмаса да монтаж бөлмесіне шақырып алып: "Керек болады. Үйреніп алыңдар, былай істейсіңдер” деп, өзінің сол кезде жүргізіп жүрген "Ойкөкпар" бағдарламасының монтажына қатыстырып үйрететін. Соңынан ерген жастарға ондай жанашырлық көпке үлгі, кейінге өнеге ғой.

Кейін өмірдің ұзақ сапарында да ақ жүзімізге салқындықтың сызы жүгірген емес. Ақжүрек ағаның алдынан қия өткен жеріміз жоқ. Ретін тауып шұрқырасып амандасып, шүңкілдесіп сырласа кетуші едік. Ақпарат саласының алқалы жиындарында алдымен ағаға амандасуды парыз санайтынбыз. Енді жарқылдаған Нұртілеу ағамыз да бұл жарық жалғанның жүзінде жоқ. 

Рухыңыз сегіз жұмақтың төрінде шалқысын асыл аға! Ағамыздың туған-туысқандарына қайғырып көңіл айтамын. 

Еліміздің қалған жақсыларына Тәңірім амандық бергей!, - деп жазды Берік Уәли.

Сондай-ақ ҚР Президентінің саяси мәселелер жөніндегі көмекшісі Ерлан Қарин да Facebook-тегі парақшасында Нұртілеу Иманғалиұлының отбасы мен жақындарына көңіл айтты.
Қазақ телевизиясының ардагері, қазақ журналистикасының нар тұлғасы Нұртілеу Иманғали өмірден өтті деген қаралы хабар қай-қайсымыздың да қабырғамызды қайыстырды.Оның есімі телекөрермендерге ғана емес, Алаш жұртына түгел таныс. Ол бұқаралық ақпарат құралдары саласында 40 жылдан астам еңбек етті. Қатардағы тілшіден бастап, телекорпорация басшысына дейінгі жауапты қызметтерді абыроймен атқарды. Ең бастысы, ағамыз қашанда шыншылдығымен, батыл әрі өткір ойларымен ерекшеленетін. Ал, оның «Бай, қуатты болайық!» деген бір ауыз сөзі жадымызда жатталып қалғалы қашан.

Осыдан бірер жыл бұрын қазақ телевизиясының 60 жылдығын Нұртілеу Иманғалиұлымен бірге ұйымдастырған едік. Ол өзінің ағалық ақыл-кеңесін аямай, айтулы іс-шараны өткізуге бір кісідей атсалысты.
Нұртілеу Иманғали журналистикада аға буын мен жас буын өкілдерінің сабақтастығына дәнекер бола білді. Жастарға әрдайым қамқорлық танытып, тележурналистиканың қыр-сырын үйретті. Ұлағатты ұстаз атанды. Сондықтан жастар оны ерекше сыйлайтын еді.
Ағамыздың отбасына, жақындары мен туыстарына көңіл айтамын. Оның жарқын бейнесі есімізде мәңгі сақталады.
Иманы саламат болсын, - деп жазды Ерлан Қарин.

Өзгелердің жаңалығы