Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ел Тәуелсіздігің 30 жылдығының аясында елордадағы Ұлттық академиялық кітапхана Ұлыбритания Біріккен Корольдігінің Қазақстандағы елшілігімен бірлесіп Шоқан Уәлихановтың таңдамалы еңбектері» және «Ұлы дала саяхатшылары» кітаптарының ағылшын тіліндегі онлайн таныстырылымы өтті.
Онлайн өткен шараға Тарих және этнология институтының директоры, профессор Зиябек Қабылдинов, тарихшы, ғалым Жарас Ермекбай, ЕҰУ тарих ғылымдарының докторы Алтайы Оразбаева қатысты.
Ш. Уәлиханов XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақстанда туған демократтық, ағартушылық мәдениеттің тұңғыш өкілдерінің бірі, шығыстанушы, тарихшы, этнограф және ағартушы.
Профессор Зиябек Қабылдинов британ тарихшысы Ник Филдинг және Кембридж баспасына алғысын айтып, тарихи еңбектің халықымыз үшін маңыздылығына тоқталып кетті.
Өз кезегінде Шоқан Уәлиханов заманында тарихқа үлкен бетбұрыс жасады. Келер ұрпаққа жаңа көзқарас алып келді. Қазақ халқының салт-дәстүрін зерттеген ғалым Алтын Орданың мұрагер халқы Қазақ хандығы екенін өз еңбектерінде жазып кетті, - деді ол.
Оның айтуынша, елімізде зерттеліп жазылған еңбектің мән зор. Шоқан Уәлиханов секілді тұлғаның Орта Азия жеріне жасаған сапары өз тарихымызға басқа қырынан қарауға мүмкіндік берді.
Бұған дейін біз орыс деректерін қазақшаға, ағылшын тіліндегі еңбектерді де ана тілімізге аударып келдік. Сәйкесінше, ешқандай кері байланыс орын алмады. Біржақты бағытта ой қалыптасты. Сол себепті көптеген мұраларымыз еуропалық көзқараста болды. Ол ұлан-байтақ жеріміз дамымай, өркендемей қалған жердің бөлігі ретінде қаралып келді. Бұл орайда да Шоқан Уәлиханов заманының білікті, білімді ғалымы қазақ халқының мәдениетін, салт-дәстүрін, әсемділігін еңбектерімен көрсете білді, - деді Зиябек Қабылдинов.
Ник Филдинг бұрын Қазақстанға бірнеше рет сапар шеккен белгілі жазушы, журналист. Сондай-ақ ол ағылшын саяхатшылары «Томас пен Люси Аткинсонның ұрпақтары» туралы кітапты Қазақстанда ағылшын тілінде ұсынған болатын.
Белгілі қазақ ғалымы және ағартушысы Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың тарихи-этнографиялық зерттеулерін «Шоқан Уәлихановтың таңдамалы еңбектері және Ұлы дала этнографы және тарихшысы» кітабын алғаш рет ағылшын тілді оқырманға ұсынып отыр.
Айта кетейік, Шоқан Уәлихановтың еңбектері алғаш рет 150 жылдан соң ғана ағылшын тіліне аударылды. 1865 жылы Лондонда жарияланған жинақтарда оның тек төрт эссесі аударылды.
Шарада Ник Филдинг «Ұлы даладағы саяхатшылар: папалық елшілерден орыс революциясына дейін» атты жаңа кітабын таныстырды.
Ол кітапта әлемнің түкпір-түкпіріндегі зерттеушілердің, аттары ұмыт қалған саяхатшылардың әңгімелері жинақталған. Сонымен қатар саяхат барысындағы қиындықтары, жетістіктері мен сәтсіздіктері толық жазылған. Кітап түрлі-түсті иллюстрациялық суреттер мен карталармен сипатталған.
Олжас Адай