Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін «Желмая» жобасында қонақта болған Мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, филология ғылымының докторы Мырзатай Жолдасбеков Тәуелсіздігімізді сақтап қалу үшін, оның ғұмырлы болуы үшін не істеу керек екендігі туралы айтып өтті.
Қазір Тәуелсіздікке төніп тұрған қауіп жоқ. Ол қауіпті біз өзіміз шығарып алып жүрмесек... Мен бір кезде «Қазақ руға бөлінбейді, рудан құралады» деген мақала жазғам. Сондағы арман-мақсат бөлінбеу ғой. Осыдан 2-3 жыл бұрын машинаның артына әркім өз руын жазып алуды шығарып еді. Сонда «Ой, Құдай сақтай гөр, мыналар үй ішінен үй тігіп, бүйректен сирақ шығарып жатыр ғой» деп уайымдап едім. Қазір ондай жоқ, соған қуанамын. Бұл Тәуелсіздікті сақтап қалу үшін біз тұтас болуымыз керек, бір болуымыз керек. Кешегі қазақты отырғызып-тұрғызған үш биден, яғни Төле биден, қаз дауысты Қазыбек биден және Әйтеке биден бізге қалған мұра – асыл сөз бен халықтың ынтымағы. Бізге ең алдымен қазақтың ынтымағы керек, басқасы ешқайда кетпейді, - деді ғалым, филология ғылымының докторы.
Сондай-ақ, ғалым сұхбат барысында елорданың Ақмола облысына қалай ауысқанын да баяндап берді.
Елорданы ауыстырып, Сарыарқаның төрінен заманауи қала тұрғызу ойы туралы Нұрекең (ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев – ред. түзетуі) маған айтып, кеңескен болатын. Мен: «Нұреке, қайда барасыз? Жағдай мынау... Қазынаның қалтасы тесік, ақша жоқ, еліңіз тырдай жалаңаш, жалақы мен зейнетақы 3-4 айлап берілмей жүр. Қалай саласыз бұл қаланы? Не қыласыз көшіріп? Ата-бабамыздың жері мынау, асқақтаған Алатау, қалай қиясыз? Анау азынап тұрған ақ боран Ақмола дегеніңіз» дедім. Сонда ол кісі: «Бола жатады ғой, болады. Не бар қорқатын?! Мұның да өз себебі бар ғой» деді, - деп айтты Мырзатай Жолдасбеков.
Оның айтуынша, сондағы мәселе – бұрынғы Целиноград, одан кейін Астана, ал қазіргі Нұр-Сұлтан қаламыз, іргедегі Қарағанды, Көкшетау, Петропавл, шығыстағы Өскемен қалаларында қазақтың саны 15%-дан асқан жоқ.
Дәл сол кезде Ресейде шулай бастады: «Сайлау өткізуіміз керек, губернаторларды сайлауымыз қажет» деп. Ал енді дер кезінде әрекет етпесе, мүмкін сондай дүмпуменен сол бізге жетсе, біз бұлардың (жоғарыда аталған қалалардың - ред. түзетуі) бәрінен айырылар едік. Назарбаевтың көрегендігінің бірі осы, - деп еске алды ол.