Қазақ радиосының тікелей эфирінде 1 минут үнсіздік жарияланды

31 Мамыр 2021, 10:31
14112
Бөлісу:
Қазақ радиосының тікелей эфирінде 1 минут үнсіздік жарияланды

 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Қазақ радиосының тікелей эфирінде алғаш рет 1 минуттық үнсіздік жариялап, ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандары еске алынды.

 

Сондай-ақ, әуе толқынынан әдеттегі ойын-сауық хабарларының орнына тақырыпқа сай хабарлар легі шықпақ. Бұл туралы «Қазақ Радиолары» ЖШС бас редакторы – «Қазақ радиосы» радиоарнасының директоры Дулат Абибуллаев өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды. 

 Қазақ радиосы эфирінен бүгін Президент пәрменімен саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін құрылған мемлекеттік комиссия жұмысы жайлы және күні кеше жарыққа шыққан «Ашаршылық. Голод.1928-1934. Деректі хроника» жинағы туралы Арнайы хабар берілмек. 

Айта кету керек, Елбасы Н. Назарбаев Жарлығымен 31 мамыр ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланған. 

 

Құрбан болғандарға бет сипап, құрмет көрсету бір бөлек, ашаршылыққа мемлекеттік тұрғыда баға беру аруақтар алдындағы ортақ аманатымыз. Бұл жайлы Мемлекет басшысының мақаласында жан-жақты жазылды. Бір ғасыр бойы өмірдің өткелдерінен халықпен бірге өтіп келе жатқан Қазақ радиосы бұл күннің мән-мағынасын арттыруға ат салысады. 3 сағаттық таңғы тікелей эфир хабар да осы тақырыпқа арналмақ,- деп жазды Дулат Абибуллаев. 

31 мамыр ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай  әуе толқынынан  профессор Мәмбет Қойгелді, белгілі тарихшы Жамбыл Артықбаев бастаған ғалымдар мен мемлекеттік комиссия өкілдерінің  сұхбаттары берілмек.

 

 

Өзгелердің жаңалығы