Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасында елімізде брендке айналған «Әдемі-Ай» сауда белгісінің негізін қалаушы, белгілі кәсіпкер әрі коллекционер-этнограф Баһаргүл Төлегеннің «Қазақ қызымын» атты кітабының тұсаукесері өтті.
Салтанатты іс-шара барысында этнограф кітапты жазудағы басты мақсатымен бөлісті.
Кітапты жазудағы басты мақсатым - атағымды шығару емес, жеткен кейбір жетістіктеріммен бөлісу. Бұл кітап - менің ізім, менің өмірім. Сонымен қатар басқа да қазақ қыздары жеткен жетістіктерімді үйренсе деген ниетім болды. Яғни бұл кітап қалың оқырманға арналған мотивациялық эссе, - дейді ол.
Айта кетейік, кітап екі тараудан тұрады.
Біріншісі - автордың өмірбаяны. Мұнда бизнесті қалай бастағаным, сонымен бірге жетістікке жетудің құпияларымен бөлістім. Сондай-ақ бизнес бастайтын адамдар үшін бизнестің қыр-сыры туралы жаздым. Кітапты «Қазақ қызымын» деп атаудағы себебім - жаным қазақ, қаным қазақ, істеп жүрген ісім де қазақ үшін. Атамекенге де қазақ қызы болғандықтан іздеп келдім. Қазақы тәрбиені көріп өстім. Сондықтан жүрегім қазақ деп соғады. Қазақ қызы болғаныма мақтанамын, - деп түсіндірді Баһаргүл Төлеген.
Кітаптың екінші тарауында этнограф қазақ халқының ұлттық мұралары мен жауһар-жәдігерлерін қалай жинағанын, қызығушылығы қашан басталғаны туралы баяндаған.
Екінші тарауда өткізген «Ұлт жауһарлары», «Жүрегімде Отаным» деген көрмелердің маңыздылығына тоқталдым. Сондай-ақ бұл кітапта қазақ халқының байырғы әшекей-бұйымдары жайында кеңінен мәлімет беріп, жеке мұражайымдағы құнды жәдігерлерді таныстырдым. Қазақ қызы кім? Қазақ қызы қандай деген сұрақтарға жауап беретін кітап сияқты. Яғни бұл маған қарап бой түзейтін қыз-келіншектерге арналған кітап. Алға ұмтылған жастар осы кітап оқыса деймін, - деп айтты ол кітап туралы.
Кітапты жазуға жарты жыл уақыт кеткен.
Бұрыннан әлеуметтік желілерде белсенділік танытып, қазақ халқының дәстүрлі дүниелерін, әр нәрсенің қасиетін, киесін айтып жүрмін. Көп оқырмандарым өмірбаянымның өздеріне қызықты екенін сұрап жүрді. Осылайша кітапта бір жағынан өмірбаяныммен, екінші жағынан қыз-келіншектерге мотивация беруді көздедім, - дейді этнограф Баһаргүл Төлеген.
Баһаргүл Төлеген бұған дейін 300-ден аса жәдігер туралы «Ұлт жауһарлары» фотоальбомын шығарған.
Оның сөзінше, жәдігерлердің ат әбзелдері, батырлардың қару-жарақтары, зергерлік әшекейлер сияқты 1000-нан аса түрі бар.
Адам айнаға қарап емес, адамға қарап үйренеді. Біреуге қарап еліктейді, «алдыңғы арба қалай жүрсе, соңғы арба солай жүреді» дейді. Өзім де бала кезімде алдымдағы қыз-келіншектерге, әдемі киінген қарап, тамсанатынмын. Мотивация берген дұрыс, себебі кей қыз-келіншектердің өмірі қиын болуы мүмкін, - деп атап өтті ол.Сөз соңында автор қыз-келіншектерге кеңесін берді.
Қыз-келіншектер батыр, батыл болуы керек, ешқашан ерінбеуі керек. «Қыздың жаны қырық» дейді. Сондықтан еш нәрседен қорықпаған дұрыс. Алға қойған мақсаттарға талпына білген жөн. 99% еңбек, қалған 1%-ы талант. Сол себепті қыздар енбектене білуі керек, - деп түйіндеді ол өз сөзін.