Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Елордада Қазақстан Люксембург ынтымақтастық қауымдастығы қорының өкілдерімен кездесу өтті.
Кездесуге қауымдастық қорының құрылтайшысы Халим Титсауы, қор төрайымы Нұргүл Тұрсын және ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Рахат Жақсыбай қатысты.
Қордың құрылтайшысы Халим Титсауы мен қор төрайымы Нұргүл Тұрсынмен Ұлттық спортымызды Еуропада насихаттау, таныту бағытындағы жоба-жоспарларымызды талқыладық. Атап айтқанда, 2022 жылы «Көкпар поломен кездеседі» атты жобамызды іске асыру бағытындағы қадамдарымызды пысықтадық – дейді Рахат Жақсыбай.
Оның сөзіне қарағанда, екі жақты келісім нәтижесінде көкпарды еуропалық көрермендерге тамашалату мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Бұйырса, көкпарды еуропалық көрермендерге тамашалату жұмыстарын жалғастыра беретін боламыз. Бұған дейін де Еуропаның бірнеше елімен қарым-қатынас орнатқан болатынбыз. Атап айтар болсақ, Венгриямен, Румениямен, Түркиямен, Аргентинамен жасасқан екіжақты келісімдеріміз енді Люксембург жерінде де жалғасын табатын болады – дейді ол.