Қайсар қызметкерлер қарапайым азаматтарға қорған болып, қапыда қыршын кетті – Тұрғымбаев

29 Тамыз 2021, 16:08
14692
Бөлісу:
Қайсар қызметкерлер қарапайым азаматтарға қорған болып, қапыда қыршын кетті – Тұрғымбаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР ішкі істер органдарының жеке құрамы және өз атымнан Жамбыл облысы Байзақ ауданында орын алған әскери қоймадағы өрт кезінде қаза тапқан әскери қызметшілер мен құтқарушылардың отбасы, туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын, деп жазды Facebook-тегі парақшасында ІІМ министрі Ерлан Тұрғымбаев.

Қатардағы сарбаздар мен төтенше жағдай қызметкерлері бізге жат емес. Олар басын бәйгеге тігіп, адамдарды құтқарады. Тәуекелге бел байлап, тілсіз жаумен күреседі. Күні кеше орын алған қайғылы оқиға барша қазақстандықтың қабырғасын қайыстырды. Қайсар қызметкерлер қарапайым азаматтарға қорған болам деп қапыда қыршын кетті. Тұрғындардың қауіпсіздігі үшін өжеттік танытып, өмірін қиған есіл ерлердің есімі мәңгі жүрегімізде. Батырлардың бейнесі келер ұрпаққа үлгі болып, есімдері ешқашан ұмытылмайды, - деп жазды ол.

Еске салсақ, 26 тамыз күні кешке Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы әскери бөлімде жойқын жарылыс болды. Жарылыс салдарынан 13 адам қаза болды. 100-ге тарта адам жарақаттанды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 29 тамызды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Өзгелердің жаңалығы