Қайрат Жандыбаев: Аналитика жасау, саралау, сараптау бұрыннан жақын еді

13 Қараша 2020, 19:02
1961
Бөлісу:
Қайрат Жандыбаев: Аналитика жасау, саралау, сараптау бұрыннан жақын еді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Үркер-2020» сыйлығын беру рәсімінде «Жылдың үздік аналитикалық материалы» аталымында озық шыққан тілші жеңістен кейінгі әсерімен бөлісті. 

Бүгін елордада «Үркер-2020» сыйлығын марапаттау рәсімі аясында қазылар алқасы баспа, радио және интернет-журналистика саласындағы үздіктерді анықтаған болатын.

«Жылдың үздік аналитикалық материалы» номинациясында озық шыққандардың бірі Strategy2050.kz порталының бас редакторы Қайрат Жандыбаев ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Эра Независимости» кітабы негізінде лонгрид жазып шыққанын айтады.

Ең алдымен, Елбасыға алғыс айтамын. Себебі, байқауға ұсынылған материал Нұрсұлтан Назарбаевтың «Эра Независимости» кітабы негізінде жазылды. 500 беттік кітапты цифрландырып, 32 лонгридтен тұратын көлемді лонгрид жасап шықтық. Осындай тұлғалардың тұщымды кітап жаза алатыны қуантады. Өйткені, оны цифрлық форматқа ауыстыру арқылы біз жас ұрпаққа Қазақстанның тарихын тануға мүмкіндік береміз, - дейді ол.

Қайрат Жандыбаевтың аналитикалық материал жазып жүргеніне жыл болып қалған. 

Тек материал жазуда ғана емес, жалпы аналитика жасау, саралау, сараптау бұрыннан жақын еді. Бұл лонгридті жасау барысында талай жұмыс атқарылды. Небір талапты журналистің арасынан өзімнің жеңіске жеткеніме әлі де сене алар емеспін. Еңбегіңді бағалап, марапат беріп жатқаны ерекше шабыт сыйлайды. Өзімді көрсетуге мүмкіндік берген басшылыққа, қолдау білдірген әріптестеріме алғысым шексіз, - дейді тілші.

Қайрат Жандыбаев Қостанай өңірінің тумасы. А.Байтұрсынов атындағы Қостанай Мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын туған өлкесіндегі Таран аудандық «Шамшырақ-Маяк» газетінен бастайды. Кейін елордаға келіп, ҚР премьер-министрінің баспасөз қызметінде жұмыс істейді.  Соңғы бірнеше жылдан бері Strategy2050.kz порталының бас редакторы болып қызмет етіп келеді.

Өзгелердің жаңалығы