Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг кезінде Кавасаки синдромына қатысты жауап берді.
Қазіргі уақытта әлемнің көптеген елінде коронавирустың жеңіл немесе симптомсыз түрімен ауырған балаларда 14 күн мен 1 ай арасында Кавасаки синдромына ұқсас, көп жүйелі қабыну фактілері тіркеліп жатыр. Өткен аптада Қазақстанда тек 3 бала осы Кавасаки дертімен тіркелгенін мәлімдеген болатынмын. Алайда, қазіргі таңда Қазақстан бойынша Кавасаки синдромымен және осы синдромға ұқсас дертпен 11 бала тіркелді. Бірақ, бұл жерде айта кетерлігі, клиникалық белгілері бойынша бұл індет Кавасаки синдромына ұқсас және 5 жасқа толмаған сәбилерде өте сирек кездеседі. Жоғарыда айтылған 11 баланың үшеуі Нұр-Сұлтан қаласында жазылып шықты. Қалған балалар Ақтөбе, Қарағанды, Алматы қалаларынан анықталды. Олардың екеуі 1-5 жас аралығында, қалған 9 бала 5-17 жас аралығында. Яғни, 9 бала Кавасаки синдромына нақты келмейді, оларда соған ұқсас дерт деп есептеледі, - деді Қожахметов.
Бұған дейін Бағдат Қожахметов індетті толық жеңіп шыққанша, сақтық керегін айтқан болатын. Сондай-ақ, ол COVID-19 вакцинасының неге барлық қазақстандыққа бірдей тегін болмайтынын түсіндіріп берді.