«Қауіпсіздік сертификаты». Оны не үшін орнату қажет?

6 Желтоқсан 2020, 11:22
2673
Бөлісу:
«Қауіпсіздік сертификаты». Оны не үшін орнату қажет?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін барлық Kcell, Activ, Tele2 және Beeline абоненттеріне «Қауіпсіздік сертификатын» орнату туралы смс-хабарлама келуде. Бұл «Қауіпсіздік сертификаты» деген не? Оны орнату міндетті ме?

Бүгіннен бастап Нұр-Сұлтан қаласында «Кибер-қауіпсіздік Нұр-Сұлтан-2020» оқу-жаттығуы басталды. Бұл туралы кеше Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі хабарлады. 

Ағымдағы жылы пандемияға және қашықтан жұмыс түрлеріне өтуіне байланысты елдің цифрлық кеңістігіне кибершабуылдар жиілеуде. 

Атап айтқанда, 2020 жылы өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда Интернеттің қазақстандық сегментіндегі кибершабуылдардың саны 2,7 есеге жуық өсті. Киберқауіптерден қорғауға Ақпараттық қауіпсіздіктің ұлттық үйлестіру орталығы, Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығы және «Қазақстанның киберқалқаны» жүйесі, сондай-ақ АКИАМО-ның ақпараттық қауіпсіздіктің жедел орталықтары мен байланыс операторларының, мемлекеттік органдар мен жеке компаниялардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі бөлімшелерінің күштері мен құралдары тартылатын болады. Киберқауіпсіздік оқу-жаттығуларын өткізу кезеңінде кейбір шетелдік интернет-ресурстарға қол жеткізуде түрлі проблемалар туындауы мүмкін. Оны қауіпсіздік сертификатын орнату арқылы жоюға болады, - делінген министрлік хабарламасында. 
Сонымен қатар қауіпсіздік сертификатын орнату бойынша толық ақпарат алу үшін байланыс операторларына олардың ресми интернет-ресурстарына және техникалық қолдау қызметтеріне жүгіну қажет. 

Айта кетейік, аталған оқу-жаттығуларын ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірге жүргізеді. 

  «Қауіпсіздік сертификаты» деген не? 

Бүгін қазақстандық Kcell және Аctiv, Tele2 және басқа да ұялы оператор абоненттеріне интернетке қолжетімділігі бар дербес құрылғыларға «Қауіпсіздік сертификатын» орнату қажеттілігі туралы хабарлама келіп жатыр. 

«Қауіпсіздік сертификаты». Оны не үшін орнату қажет?

Дербес және есептік деректердің, сондай-ақ қазақстандықтардың банктік шоттарынан ақшаның ұрлану жағдайларының жиілеп кетуіне байланысты, ақпараттық кеңістікті хакерлерден, интернет-алаяқтардан және түрлі киберқауіптерден қорғаудың тиімді құралы болатын қауіпсіздік сертификатын енгізді. Қауіпсіздік сертификатын енгізу ақпараттық жүйелер мен деректерді қорғауға, сондай-ақ еліміздің ақпараттық кеңістігі жүйесіне, жеке, соның ішінде банктік секторға интернет-алаяқтардың хакерлік, кибершабуылдарын зиян келтіргенге дейін анықтауға көмектеседі, - делінген Kcell-дің ресми сайтында. 

Қауіпсіздік сертификаты — бұл шифрлауды қолдайтын хаттамаларды қамтитын трафикті өткізу үшін қолданылатын электрондық цифрлық символдардың жиынтығы. Осылайша, ол Интернет желісінің қазақстандық пайдаланушыларын хакерлік шабуылдардан және заңға қайшы контентті көруден қорғауға мүмкіндік береді. 

«Қауіпсіздік сертификатын» не үшін орнату қажет? 

Компания абоненттерге ҚР «Байланыс туралы» заңына және «Қауіпсіздік сертификатын беру және қолдану қағидаларының» 11-тармағына сәйкес интернетке қолжетімділігі бар дербес құрылғыларға «Қауіпсіздік сертификатын» орнату қажеттілігі туралы хабарлайды Заңнаманың талаптарына сәйкес байланыс операторлары байланыс қызметтерін көрсетуге шарт жасасқан абоненттері арасында қауіпсіздік сертификатын таратуды қамтамасыз етеді.   

Қауіпсіздік сертификатын орнату Интернетке кіру үшін қолданылатын әрбір құрылғыдан (iOS/Android негізіндегі мобильді телефондар және планшеттер, Windows / MacOS негізіндегі дербес компьютерлер және ноутбуктер) орындалуы қажет екеніне назарыңызды аударамыз. 

Абоненттік құрылғыларда қауіпсіздік сертификаты болмаған жағдайда, жекелеген интернет-ресурстарға қол жеткізуде техникалық шектеулер туындауы мүмкін. 

Сонымен қатар, Қауіпсіздік сертификатын орнатпаған жағдайда Интернетке кіруде қиындықтар туындауы мүмкін. 

Бағдарламалық жасақтама Қазақстанда жасалған және оны ақпараттық жүйелер мен деректерді қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган ұсынады. 

  Айта кетейік, ұялы оператор сайттарында «Қауіпсіздің сертификатын» орнатуға қатысты нұсқаулық көрсетілген. 

Сертификатты қалай орнату керек?

- Kcell және аctiv – мына сілтеме арқылы - https://www.kcell.kz/kk/product/trust-certificate

- Beeline - мына сілтеме арқылы - https://beeline.kz/kk/events/news/sertifikat-bezopasnosti?_branch_match_id=788742516124888899

- Altel - мына сілтеме арқылы - https://altel.kz/services/sertifikat-bezopasnosti/?lang=kz

- Tele2 - мына сілтеме арқылы - https://www.tele2.kz/support/sertificat

  Сертификатты орнатасыз ба? – Абоненттер пікірі 

Тіпті білмеймін. Әлі оператор жіберген сілтемеге өтіп көрмедім. Алдымен оның не екенімен танысып, біліп алу қажет. Кейін қажет деп тапсам орнатамын, - дейді Tele2 операторы клиенті Назым. 
Мен Аctive байланысын қолданамын. Сайтқа кіріп, ережесін оқыдым. Түсінуімше, оператор «Қауіпсіздік сертификатын» орнатуға міндетті. Бірақ маған оның қажеттілігі шамалы. Ойланып көремін. Операторлар бұл туралы сайттарына ғана емес, неге әлеуметтік желідегі парақшаларына салмаған. Халық спам деп түсініп, мән бермеуі мүмкін. Себебі телефонға қажетсіз жарнама іспеттес хабарламалар жиі келеді. Өзім жіберген бұл хабарламаланың маңыздылығын түсіне алмай отырмын, - деді Active ұялы операторының абоненті Диана.
«Қауіпсіздік сертификаты». Оны не үшін орнату қажет?
Өзгелердің жаңалығы