Шығыс Қaзaқстaн oблысы, BAQ.KZ тілшісі. Пандемиядан соң шет мемлекеттерге шығуға шектеу қойылып, бұрын Түркия, Мысыр, Таиландқа барып демалуды қалайтын отандастарымыз Қазақстанның өзіндегі көрікті жерлерге жиі саяхаттай бастады, нәтижесінде елдегі ішкі туризм жанданып келеді. Мемлекеттік бағдарламалардың арқасында бүгінгі таңда Шығыс Қазақстандағы туристік орындарға ерекше көңіл бөлініп отыр.
Шығыс өңірінде туризмнің кез келген бағытын өркендетуге болады. Қазіргі кезде Катонқарағай ұлттық паркіне, таулы өлкелердегі шаңғы базаларына мемлекет тарапынан жіті назар аударылуда. Туризм саласына жауапты облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының жетекшісі Марат Қабақовтың айтуынша, еліміздің ең шығыстағы ауданы – Катонқарағайда ауылдық және экологиялық туризм қолға алынып отыр. Катонқарағай паркі – Қазақстандағы ең үлкен ұлттық парк. Бұл жерде жалпы қашықтығы 700 шақырымға жететін 14 туристік соқпан бар.
Ауылдық туризм – осы саланың ең болашағы зор бағыты. Ешбір шет мемлекетте қазақтың ауылын таппайсыз ғой. Біз Кәсіпкерлер палатасымен жұмыла отырып, Катонқарағай ауданындағы Берел ауылының 24 тұрғынын туризм жүргізуге үйреттік. 15-іне «Еңбек» бағдарламасы аясында 583 мың теңгеден грант берілді. Тағы бір туристік жобаға «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша 5 миллион теңге қарастырылды. Дәл осы ауылдың маңында әйгілі патшалар аңғары орналасқан, табиғаты керемет жер, – дейді ол.
Ал «Катонқарағай ауданының тұрақты дамуы» қоғамдық қоры туризмді қолға алған әр кәсіпкерге 500 мың теңгеден грант үлестіріп берді. Аталған қаржыға олар қонақ қабылдайтын үйлерін жөндеп, жиһаздрын жаңартты, серуендеуге арналған аттар сатып алды. Осылайша, биылғы жаз басынан-ақ алғашқы туристерді қабылдап кетті. Көрсетілетін қызмет сапасы артқандықтан болар, соңғы жылдары төр Алтайды бетке алған туристердің қарасы да көбейе түскен.
Сол себепті ауданның орталығы – Үлкен Нарын ауылында туристерге арналған ақпараттық орталық ашылғалы жатыр. Бұл орталықта он шақты адам еңбек етпек, мұнда жергілікті туристік орындар туралы толыққанды ақпарат ұсынылатын болады. Бір сөзбен айтсақ, ауданға келген саяхатшы ешқайда сабылмай-ақ осы жерден өзіне қажет барша мәліметтерді алып, қалаған демалыс орнын таңдап ала алады.
Мұнымен қоса, биыл ауданның Өрел ауылында «Мұзтау» атты туристік кешен пайдалануға берілді, ол бір лекте 150 адамды қабылдай алады. Облыс орталығында осы жылы 3 қонақ үй жұмысын бастады, бұл туристерге арналған төсек-орын санын 200-ге арттырып отыр. Бұнымен қатар, Бұқтырма су қоймасының жағасында үлкен демалыс базасы салынып жатыр, құрылысы бітуге таяу.