Катонқарағайда Оралхан Бөкейдің 80 жылдығы тойланды

25 Тамыз 2023, 19:41
3446
Бөлісу:
Катонқарағайда Оралхан Бөкейдің 80 жылдығы тойланды

Биыл көрнекті жазушы, драматург, журналист Оралхан Бөкейдің туғанына 80 жыл толды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қаламгердің мерейтойын атап өту шаралары өзінің туған жері Катонқарағай ауданында бастау алды.

Мерейтой аясындағы басты іс-шара – жазушының туған жері Шыңғыстай ауылында Оралхан Бөкей музей үйінің ашылуы. Музей жергілікті ақсақалдардың батасымен жазушының туған жері Шыңғыстай ауылында ашылды.

Ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту қорының құрылтайшысы Серік Толықпаевтың демеушілігімен 10 млн теңгеге Оралхан Бөкей тұрған үйді сатып алып, музей жасақтады.

Қордағылар музейдің туристер арасында драматург шығармашылығын насихаттап қана қоймай, жалпы өңірдің туристік әлеуетін арттыруға үлес қосатынына сенімді.

Оралхан Бөкейдің 80 жылдығын тойлау республика көлемінде, халықаралық деңгейде өтпек. 15 қыркүйекте Астанада жазушы шығармашылығына арналған дөңгелек үстел, «Әзірет Сұлтан» мешітінде құран бағыштап, ас беру жоспарланып отыр. Одан кейін «Қар қызы» пьесасы сахналандырылады. Ал Алматыда Жазушылар одағы халықаралық конференция ұйымдастырып, ақындар айтысы өткізіледі. Катонқарағай дегенде есімізге бірден Оралхан Бөкей оралады. Оралхан – осы жердің көркемдігін, тұмса табиғатын талайға сөзбен суреттеп берген қаламгер. Сондықтан оның мерейтойын абыроймен өткізу – біз үшін аманат», - деп Ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту қоры басшысы Серік Жүнісов ойын бөлісті.

Жалпы шараға Оралхан Бөкей шығармаларына арқау еткен, табиғатын жырлаудан жалықпаған Өр Алтайдың төріне жазушының жақындары, ақындар, жерлестері жиналды. Талантты өреннің бюсті мен жазушы атындағы сквердің ашылуына куә болды.

Сондай-ақ, Шыңғыстай ауылында «Төр Алтай бояулары» атты республикалық пленэр-көрмесі ұйымдастырылды. Суретшілер 50-ден астам этюд салып, орындалған жұмыстарды О. Бөкей мұражайына сыйға тартты.

Жиынға Оралхан Бөкейдің жиені Клара Нұржақыпқызы Мағзумова қатысып, жиналған қауымды қаламгердің мерейтойымен құттықтады. Катонқарағайда ашылып жатқан Оралхан Бөкейдің мұражай-үйіне Иранда арнайы тоқылған, қаламгердің портреті бейнеленген кілем сыйлады.

Сонымен қатар Оралханның жеке шапаны мен 1964 жылы түскен суретін табыстады.

Жазушының атына құран бағышталып, ас берілді, сондай-ақ ауданның құрметті қонақтарына «Оралхан Бөкейге 80 жыл» атты төсбелгілері табысталды.

«Шолпандай таң алдына туып – батты» атты  жаңа кітап жарық көрді. Соның тұсаукесеріне қатысқан көпшілік аудан ипподромында еліміздің түкпір-түкпірінен келген үздік шабандоздарды анықтады.

Мерейтой кеші жергілікті жұлдыздардың қатысуымен өткен үлкен гала концертпен қорытындыланды.

Өзгелердің жаңалығы