Катонқарағай ауданының тұрғындары күніне 2 тонна сүт өткізеді

19 Маусым 2020, 17:55
2551
Бөлісу:
Катонқарағай ауданының тұрғындары күніне 2 тонна сүт өткізеді

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Осыған дейін өткізілетін сүт көлемін жарты тоннадан асырмаған Катонқарағай ауданының тұрғындары биылдан бастап күніне екі тонна сүт өткізетін болды.

Бұған дейін цистернасының сыйымдылығы он тонналық сүт таситын көлік келген кезде ауыл тұрғындары 500-600 литр ғана сүт өткізетін. Қазіргі уақытта жеке шаруашылықтар "Эмиль" ЖШС-на күніне екі тоннадан астам мөлшерде сүт өткізіп отыр. Қазір мамыр айы, ал негізгі сауын уақыты маусым-шілде айларына келеді. Осы ретте "Молочный экспресс" ЖШС-ға ауданымызға тағы бір салқындатқыш танкер орнатып қою жөнінде ұсыныс жасадым, – дейді Катонқарағай ауданының әкімі Ренат Тілеуханұлы.

Аудан басшысының айтуынша, тұрғындардан қабылданатын сүттің әр литріне 75 теңгеден ақы төленетін көрінеді. Сонымен қатар, қазіргі уақытта үш шаруа қожалығы сүт сауумен айналысып жатқанын алға тартқан ол, шаруаларға жақсы ұсыныс жасалғанын да жасырмады.

Егер оларға сауын сиырлар санын 50 бастан арттыратын болса, сүттің әр литріне 10 теңгеден субсидия төлейміз. Қазір олар 25 бас сауын сиырдан сүт сауып отыр. Сиырлары жоқ емес, бар. Осындай ұсыныс арқылы біз олардың жағдайларын жақсартып қана қоймай, сонымен қатар өткізілетін сүт көлемін де арттыруды жоспарлап отырмыз, – деп қосты аудан әкімі.

Сонымен қатар, биылдан бастап Катонқарағайдағы егіс алқаптарына соя егіле бастамақ. Дегенмен, әзірге ыстық сүйетін дақылды Өр Алтайдың салқын климатына шағын мөлшерде бейімдеп көру ұйғарылған.

Биыл біз аудандағы 200 гектар алқапқа соя дақылын ектік. Бұл әзірге үлкен істің жай ғана дайындығы деп есептейміз. Өйткені, соя - көбіне жылы климатта өсетін дақыл. Ал бізде жылы күндердің саны Үржар, Зайсан аудандарына қарағанда аз. Тамыз айында ауданда ауа райы салқындап кетеді. Сол себепті біз аудандағы шаруа қожалықтарының бастарын қосып, осы істі бастау жөнінде ақылдастық, – деп қосты аудан басшысы.

Осылайша, Өскемен қаласының Опытное поле ауылындағы шаруашылықтан сояның "Бірлік" сортын сатып алып, 200 гектар алқапқа еккен катонқарағайлық диқандар биылғы соя түсімін күтпек. Егер биыл егістік түсімі жақсы болса, келесі жылдан бастап егілетін соя алқаптарының көлемін ұлғайтпақ.

Өзгелердің жаңалығы