800 сағат жүктеме, мардымсыз жалақы – министр ЖОО-лар туралы айтты

2 Желтоқсан 2020, 13:51
1796
Бөлісу:
800 сағат жүктеме, мардымсыз жалақы – министр ЖОО-лар туралы айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жоғары білім саласы туралы өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды.

Министр жоғары білім беру саласында маңызды өзгерістер болып жатқанын айтты. 


Мәселен, оқу орындарының академиялық, басқарушылық және қаржылық дербестігін одан әрі кеңейту, білім беру бағдарламаларын жаңарту сынды және тағы басқа бағыттар бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл, әрине, қажетті шешімдер. Бірақ осы реформаларды іске асыру кезінде оқытушылардың қажет емес есептер дайындауы, жалақыларының төмендігі және жүктеменің көптігі сияқты маңызды мәселелер жеткілікті деңгейде қарастырылмауда. Ал бұл мәселелер білім беру сапасына тікелей әсер етеді, - дейді Аймағамбетов. 

Ол оқытушылардың басты міндеті білім беру екенін атап өтті.  

Бірақ есеп беру, жоспарлар толтыру сияқты қажеті шамалы міндеттемелер негізгі жұмыспен айналысуға кедергі жасайды. Одан бөлек, бір оқытушы 800 сағат жүктемені құрайтын 10 пәннен сабақ жүргізуі мүмкін. Жұмыстың көптігіне қарамастан, мардымсыз жалақы қарапайым қажеттіліктерге де жетпей жатады. Бұл ретте оқытушының өзін-өзі кәсіби тұрғыда дамытуына уақыты ғана емес, басқа да мүмкіндіктері болмайды. Сол себепті біз осы мәселелерге баса назар аударудамыз, - деп атап кетті министр. 

Осы ретте білім басшысы БҒМ бұйрықтарына өзгерістер енгізіп, оқытушылар толтыратын құжаттар көлемін айтарлықтай қысқартқанын жазды.

Тек қана соңғы өзгерткен бір бұйрықтың негізінде мысал келтірейін. Қатаң есептілік нысандарынан 11 құжат алынып тасталды. Олардың арасында оқу уақытын ай сайынғы және жылдық есепке алу ведомостары, білім алушыларды аралық және қорытынды аттестаттауға арналған бірнеше емтихан ведомостары, қорытынды аттестаттауды өткізу жөніндегі комиссия отырыстарының әртүрлі хаттамалары және тағы басқасы бар. Мысалы, бір ғана кафедраның жұмыс жоспарын жасау үшін 21 тармақтан құралған құжатты толтыру қажет, ал ол көп уақытты қажет етеді. Оның бәрі міндетті құжаттардың тізімінен қысқартылды. Дегенмен кейбір университеттер бұрынғы әдетіне салып, ескі талаптардан бас тарта алмай келеді, - деді Асхат Аймағамбетов.

Министр оқытушылардан алдағы уақытта басшылық сол құжаттарды талап етсе, ҚР БҒМ-нің бұйрықтарына сүйенуге болатынан айтты. 

Жалпы барлық құжаттар цифрлық форматта жүргізілуі қажет. Біз пандемия кезінде студенттер дипломдық жұмыстарын немесе диссертацияларын қашықтан қорғай алуы үшін «көк» мөр, рецензенттер мен менеджерлердің қолтаңбаларын жинау және т.б. талаптарды алып тастадық, - деп жазды министр Facebook-те.

Сонымен қатар, Аймағамбетов жүктеме мәселесіне тоқталып өтті. 

Өкінішке орай, көп жоғары оқу орындарында қолданылатын әдістемелер күмән туғызады. Оқытушының жүктемесі 800 сағатқа дейін жетсе, сабақтарға дайындалуға немесе ғылыми бағыттағы жұмыстармен айналысуға уақыт табу қиын. Сондықтан жақын арада министрлікке қарасты жоғары оқу орындарына жаңа әдістеме ұсынылады. Құрамында сарапшылар, жоғары оқу орындарының проректорлары мен оқытушылар бар жұмыс тобы бұл мәселеге жұмылдырылды. Айта кеткен жөн, жүктемені бірден автоматты түрде төмендету қажетті нәтиже бермейді. Кейбір оқу орындары оқытушылардың жүктемесін бірден 400-500 сағатқа дейін төмендеткен болатын. Бұл ретте ЖОО-дағы жалпы сағат көлемі азаймады, керісінше қосымша оқытушыларды жұмысқа қабылдау қажеттігі пайда болды. Себебі, бір оқытушыға берілетін ставка көлемі 1,5-тен аспауы керек. Нәтижесінде университет біліктілігі төмендеу оқытушыларды жұмысқа алуға мәжбүр болды. Әрине, мұның оқу сапасына кері әсер еткенін айтпаса да түсінікті. Дегенмен, бұл мәселені шешуіміз қажет. Оны кезең-кезеңмен және жүйелі түрде шешеміз, - деді ол. 

Министр өз жазбасында ЖОО оқытушыларының жалақы мәселесі де өзекті екенін айтты. 

2019 жылдың қыркүйегінде ректорларға жалақыны ішкі резервтер мен әкімшілік шығындарды қысқарту есебінен 25%-ға арттыру туралы тапсырма берген болатынмын. Ал биыл Президенттің қолдауымен бюджеттен қаржы бөлінді.  Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің (ҰҚСК) отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ЖОО оқытушыларының еңбекақысын арттыруға қатысты тапсырма берді.  Соған сәйкес 2020 жылдың қыркүйегінен бастап мемлекеттік білім беру грантының құны артып, оқытушылардың еңбекақысын көбейтуге мүмкіндік берді. 1 қыркүйектен бастап орта есеппен ұлттық жоғары оқу орындарында жалақы көлемі 28%-ға, ал мемлекеттік жоғары оқу орындарында – 20%-ға өсті. Әрине, біз мұнымен ғана шектелмей, осы бағыттағы жұмысты әрі қарай жалғастыратын боламыз, - деп айтты Асхат Аймағамбетов. 

Ол министрлік бір жағынан жоғары оқу орындарына қаржылық дербестік беріп, екінші жағынан олардың ішкі жұмыстарына араласып отыр деген сыни пікірлердің де бар екенін жазды. 

Мен бұл пікірмен келіспеймін. Заңға сәйкес Білім және ғылым министрлігіне қарасты ЖОО-лардың жалғыз акционері ретінде біз қажет шешімдер қабылдауға міндеттіміз. Дегенмен, жекеменшік және басқа да мемлекеттік органдарға қарасты жоғары оқу орындары көптеген мәселе бойынша шешімдерді дербес қабылдайтынын айта кеткен жөн. Қалай болғанда да, жоғары оқу орындарының академиялық және басқарушылық дербестігін кеңейту бойынша басталған жұмысты әрі қарай жалғастырамыз. Бұл өз кезегінде оқу орындарының білім сапасына қатысты жауапкершілігін арттыратыны сөзсіз, - дейді министр.


Өзгелердің жаңалығы