Каталонияда су тасқынынан екі адам қаза тапты

Аймақта ауа райының күрт нашарлауына байланысты «қызыл» деңгейдегі ескерту жарияланды.

 REUTERS/Albert Gea 5 Қазан 2026, 00:30
5 Қазан 2026, 00:30
215
Фото: REUTERS/Albert Gea

Испанияның Каталония аймағында нөсер жаңбыр мен су тасқыны салдарынан екі адам қаза тауып, тағы бір тұрғын жоғалып кетті. Бұл туралы аймақ билігі мәлімдеді, деп хабарлайды Reuters агенттігі.

Каталония үкіметінің басшысы Сальвадор Илья Барселонаның солтүстігіндегі Тордера қаласында қабырғаның құлауынан бір адамның қаза болғанын растады. Тағы бір адам Монтрорн-дель-Вальес қаласында көз жұмған.

Құтқару қызметтері Барселонадан шамамен 50 шақырым жерде орналасқан Пинеда-де-Мар қаласында жоғалған тұрғынды іздестіріп жатыр.

Аймақта ауа райының күрт нашарлауына байланысты «қызыл» деңгейдегі ескерту жарияланды. Билік тұрғындарға сенбі күні кештен жексенбі түске дейін үйлерінен шықпауға кеңес берді.

Қатты жауын-шашын салдарынан Барселона маңындағы елді мекендерде үйлер мен көліктерді су басты. Кейбір теміржол бағыттарының жұмысы тоқтап, Барселона әуежайындағы рейстер кейінге шегерілді немесе тоқтатылды. Бірқатар дүкен ерте жабылып, спорттық шаралар өткізілмеді.

Метеорологтардың мәліметінше, Жерорта теңізі үстінде қалыптасқан ерекше ауа райы жүйесі Каталонияға қатты нөсер әкелген.

Наверх