Күдікті кассадан 5 миллион теңгені, арада біраз күн өткен соң тағы да 5 миллион теңгеге жуық ақшаны білдірмей алған, деп хабарлайды BAQ.KZ otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Түркістан полициясына жергілікті тұрғын жеке кәсіпкер арызданды. Оның айтуынша, оның кассадағы қызметкерімен есептесу кезінде 10 миллион теңгеге жуық ақша кем болып шыққан. Содан жәбірленуші оқиғаның толық мән-жайын анықтау үшін полиция қызметкерлерінен көмек сұраған.
Тәртіп сақшылары ақпарат келіп түскен бойда бірден іске кірісті. Олар қаражаттың қайда кеткенін анықтау үшін қажетті жұмыстарды атқарды.
Полицейлердің жедел іздестіру шараларының нәтижесінде, қылмысқа қатысы бар күдікті анықталды. Оның жергілікті тұрғын әйел екендігі анықталды.
Анықталғандай, сезікті әйел жеке кәсіпкерлік орталықта кассир операторы болып жұмыс істеген. Күдікті кассадан 5 миллион теңгені, арада біраз күн өткен соң тағы да 5 миллион теңгеге жуық ақшаны білдірмей алған. Күдікті әйел алған ақшаның барлығын бас пайдасына жұмсаған.
Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 189-бабы «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу» бойынша тіркеуге алып, қазіргі таңда әйелге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.