Бұған дейін бірқатар БАҚ-та "Каспийде қаңтар айының бір аптасында екі рет жер сілкінді" деген ақпарат тарады. Әзірбайжан Республикасының ұлттық ғылым академиясы республикалық сейсмология орталығының хабарлауынша, 3,1 балдық жер сілкінісінің ошағы 66 шақырым тереңдікте, Ақтауға қаласынан, шамамен, 460 шақырым қашықтықта болған. Жер сілкінісі болған жер 39°34′48″ солтүстік ендікте 51°36′36″ шығыс бойлықта орналасқан. Бұған дейін, қаңтардың жиырмасында соған жақын маңда 3,1 балдық тағы бір жер сілкінісі болған еді. Теңіз түбінде жер сілкінуіне не себеп? Неліктен бір аптада екі рет қайталанды? Каспийдің түбі сілкінген соң, су асты жануарларына төніп тұрған қауіп бар ма? Су астындағы дүмпу экономикаға әсер ете ме? Осы және басқа да сауалдарға BAQ.KZ тілшісі жауап іздеп көрді.
Біз әуелі Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «Сейсмология институты» ЖШС-ның басшысы Дәулет Сәрсенбаевқа хабарластық. Директор институттың ресми өкілі Бақытжан Мұхаммедияұлы теңіздегі жер сілкінісі туралы институттың ресми позициясын білдіріп, жауап берді.
Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы бұл зілзаланы тіркемеген. Аталған территория Қазақстан Республикасының аумағы болмағандықтан және ол жерде орталықтың сейсмологиялық зерттеу станциялары болмағандықтан себебін айта алмаймыз - делінген сейсмология институтының ресми өкілі Бақытжан Мұхаммедияұлы жіберген хатта.
Каспий теңізінің Қазақстан территориясына жатпайтын аймағында болған жер сілкінісі туралы ақпарат беру Қазақстан тарапының құзырында болмаса да, тілші Маңғыстау облысындағы экологтарға хабарласып, «теңіздегі жер сілкінісіне не себеп болу мүмкін?», «Жер сілкінсе, теңіздегі жануарларға қауіп төне ме?», «Жер сілкінісі қандай да бір экологиялық проблемалардың нәтижесі ме?», «Теңіздегі жер сілкінісі туралы ойыңыз қандай » - деп сұрап көрді.
«ECOJER» қауымдастығы Маңғыстау облысы бойынша Аймақтық экологиялық кеңесінің төрағасы Әділбек Қозыбақов Каспий теңізіндегі жер сілкінісіне өткен ғасырдан бері тоқтаусыз өндіріліп келе жатқан мұнай себеп болуы мүмкін дейді.
Қанша жылдан бері теңізден мұнай алынып жатыр. Каспий теңізінде ХХ ғасырдың басында шамадан көп мұнай өндірілді. Бос қалған жерлерге теңіздің суын қайтадан құйып жатыр деген мәлімет бар. Мұнайы бар жердің тығыздығы да өзгеше болады. Оның да әсері болуы мүмкін. Жер қабаты босап қалып, сәл дүмпу болса, бұрынғыдан әсері біраз артуы мүмкін. Су түбіндегі жер сілкінісі аса қатты болмаса, теңіз жануарлары қырылып қалады деп ойламаймын. Егер жер сілкінісінің балы жоғары болса, Каспий теңізінің жағасындағы елді мекендерге де, Ақтау қаласына да аса қауіпті деп ойлаймын. Егер сондай жағдай қайталанатын болса, алапат толқын теңіз жағасындағы біраз жерді шайып кетуі мүмкін - дейді Әділбек Қозыбақов.
Эколог, қоғам белсендісі Кирилл Осиннің сөзінше, теңіз түбіндегі жер сілкінісіне, тек мұнай мен газ өндірісінен бөлек, табиғи және антропогендік факторлар да айтарлықтай өз әсерін тигізеді.
Каспий теңізіндегі жер сілкіністері, ең алдымен, табиғи геологиялық үдерістерге байланысты. Біздің өңір литосфералық плиталардың қозғалысына байланысты белсенді тектоникалық аймақта орналасқан. Сонымен қатар, жер сілкіністерінің қайталана беруіне су деңгейінің өзгеруі де әсер етеді, себебі бұл жер қыртысындағы қысымның таралуына ықпал етеді. Бұдан бөлек, адами факторлар – мұнай мен газ өндірісі де жер қойнауындағы кернеудің өзгеруіне себеп болуы мүмкін. Табиғи және антропогендік факторларды ескеру маңызды. Жер сілкіністерінің жиілігі артып келеді және бұл құбылыс барған сайын айқын байқалуда. Кейбір ғалымдар жер сілкіністерінің теңіз деңгейіне әсері бар деп санайды, алайда бұл тұжырымды растайтын ғылыми зерттеулер жеткіліксіз - дейді Кирилл Осин.
Бұдан бөлек, Осин жер сілкінісі, газ бөлінуі Каспий итбалығының қырылуына алып келетінін айтты.
Су асты көшкіндері мен газдың бөлінуі қатар жүрсе, жер сілкінісі теңіз ішіндегі тіршілікке орасан зор қауіп тудыруы мүмкін. Теңізде газ бөлінсе, экологиялық жағынан аса маңызды мәселе - Каспий итбалықтарының жаппай қырылуына себеп болуы мүмкін. Ең қауіпті газ түрлері – күкіртсутек пен метан. Бұл газдар теңіздегі тіршілік иелерінің тұншығуына, оттегі жетіспеушілігіне, олардың улануына себеп болуы мүмкін. Мұның нақты мысалы – 2024 жылдың желтоқсан айында Дағыстандағы Каспий теңізі жағалауында, атап айтқанда Махачқаладан Терек өзенінің сағасына дейінгі аралықта, шамамен 5000 өлі итбалықтың табылуы, - деді ол.
Еркін Болатов