Астана, BAQ.KZ тілшісі. 19-20 ақпанда Баку қаласында Каспий маңы елдері сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары деңгейінде Каспий теңізі жөнінде жоғары деңгейдегі жұмыс тобының бірінші отырысы өтеді.
"Іс-шарада Қазақстан делегациясын Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі Зульфия Аманжолова басқарады. Кездесу барысында былтырғы жылғы 12 тамызда Ақтау қаласында өткен Каспий саммитінің қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды және Мемлекет басшыларының тапсырмаларын іске асыру бойынша кең ауқымды мәселелердің талқылануы жоспарлануда. Жоғары деңгейдегі тұрақты бесжақты консультациялардың механизмі Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны тиімді жүзеге асыру және теңіз маңындағы ынтымақтастыққа шолу жүргізу мақсатында «Каспий бестігі» елдірі көшбасшыларының шешімімен құрылған болатын", - деді СІМ баспасөз хатшысы Айбек Смадияров апта сайынғы брифинг барысында.
Естеріңізге сала кетсек, 8 ақпанда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойып, осылайша біздің мемлекет бұл тарихи құжатты ратификациялаған болатын. Бүгінгі таңға дейін, Қазақстанмен қатар Конвенцияны Түрікменстан ратификациялады.