Каспий теңізінде қайтыс болған әзербайжандық браконьер жайлы

7 Мамыр 2020, 00:08
3238
Бөлісу:
Каспий теңізінде қайтыс болған әзербайжандық браконьер жайлы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің ақпараты бойынша, 2020 жылғы 30 сәуірде қазақстандық шекарашылар бортында Әзербайжанның 4 азаматы бар "байда" үлгісіндегі шағын көлемді кемені ұстады. 

Бұл оқиға түнгі сағат 03:55-те (Нұр-Сұлтан уақыты бойынша) Ұлық (Ракушечный) мүйісінен оңтүстікке қарай 30 миль қашықтықта болған.

Ұсталған кеме ҚР аумақтық суларынан табылды. Шекараны бұзушылар шекара катері экипажының халықаралық теңіз заңнамасына сәйкес кемені тоқтату туралы талаптарына қарамастан тиісті жауап қайтармай, мемлекеттік шекара катерінің алдында соқтығысуға қауіп төндіре отырып, үлкен жылдамдықта қауіпті маневр жасаған. Шекара бұзушыларын қуу 1 сағат 40 минутқа созылып, нәтижесінде "ҚР Мемлекеттік шекарасы туралы" ҚР Заңының талаптарына сәйкес кемені мәжбүрлеп тоқтату үшін шекарашылар қару қолданған. Осылайша, қарудан ауаға 25 ескерту, 87 рет жүру бағыты бойынша және 185 рет шекара бұзушылардың кеме қозғалтқыштары бойынша оқ атылды - делінген ҚР СІМ таратқан ақпаратта.

Қаруды қолдану салдарынан үш құқық бұзушы жарақат алған. 

Ұстау кезінде зардап шеккендерге дереу алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Қабылданған шараларға қарамастан, жағаға келген кезде жедел жәрдем дәрігерлері ұсталған адамдардың бірінің қайтыс болғанын анықтады. Қазіргі таңда ҚР құзыретті органдары ұсталғандарға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 392-бабы 1-бөлігіне сәйкес мемлекеттік шекараны бұзу фактісі бойынша тергеу іс-шараларын жүргізуде. 

ҚР ҰҚК ШҚ хабарлағандай, ұсталған төрт браконьердің үшеуі 2017 жылы осыған ұқсас тәртіп бұзғаны үшін ҚР заңнамасына сәйкес 6 айға бас бостандығынан айырылған.

Қазақстан тарапы қаза тапқан Әзербайжан азаматының отбасына көңіл айтады. Бүгін таңертең қаза тапқан адамның денесі Әзербайжан тарапына берілді. Бұл оқиға туралы толық ақпарат Әзербайжан тарапына жіберілді. Қазақстан тарапы Әзербайжан азаматтарының ҚР Мемлекеттік шекарасын бұзу фактілерінің жиіленуіне алаңдаушылық білдіреді. 2017 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін 41 ӘР азаматы ұсталды, оның 33-і ҚР Мемлекеттік шекарасын бұзғаны үшін сотталған - делінген хабарламада.

Өзгелердің жаңалығы