Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев Мәжілісте мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгін Мәжілісте «Кәсіптік біліктілік туралы» заң жобасын таныстырған вице-министр ұлттық біліктілік жобасын басқарудың үш деңгейлі моделі жасалғанын айтты.
Бірінші деңгей – Кәсіптік біліктілік жөніндегі ұлттық кеңес, ол ҰБЖ стратегиялық басқаруына жауап беретін шешімдер қабылдаудың бірыңғай орталығына айналады. Екінші деңгей – мемлекеттік органдар жанындағы кәсіптік біліктіліктер жөніндегі салалық кеңестер. Олар өз саласын кәсіби білікті кадрлармен қамтамасыз етуге жауап бере отырып, салалық біліктілік жүйелерін орнатуда жетекші рөлді атқарады, - деп түсіндірді ведомство өкілі.
Сонымен қатар ол үшінші деңгейде ұлттық орган құрылады деп отыр.
Үшінші деңгейде кәсіптік біліктілік жөніндегі Ұлттық органды құру көзделеді. Оның құзыретіне ҰБЖ бойынша әдістемелік және сараптамалық қолдау көрсету жөніндегі функциялар кіреді, - деді Олжас Ордабаев.
Еске сала кетейік, бұған дейін вице-министр кәсіптік біліктілікті растайтын құжат білім туралы дипломға теңестірілетінін айтқан болатын.