Кәсіпкерлікпен айналысқан мектеп директорларына айыппұл салынды

18 Мамыр 2022, 11:49
1636
Бөлісу:
Кәсіпкерлікпен айналысқан мектеп директорларына айыппұл салынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департамент қызметіндегі басымдықтардың бірі – әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың жолын кесу болып табылады.

Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде биылғы жылдың 17 мамырындағы жағдай бойынша сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтармен байланысты (ӘҚБтК-нің 154, 680-баптары бойынша) 28 әкімшілік хаттама толтырылды.

Кәсіпкерлік қызмет саласына және басшылық тарапынан қабылданбаған шараларға байланысты 28 мемлекеттік қызметші әкімшілік жауапқа тартылды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің әкімшілік материалдары бойынша салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 10 млн аса теңгені құрады.

ӘҚБтК-нің 154-бабына сәйкес «кәсіпкерлік қызметпен айналысуға тыйым салынған адамның осындай қызметпен айналысуына» байланысты Алматы облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының бас маманы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның кірістері тәркіленіп, 200 АЕК көлемінде (612 600 теңге) айыппұл салынды.

Дәл осы баппен облыс бойынша 23 мектеп директорлары кәсіпкерлік қызметпен айналысқаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды. Қазіргі уақытта, білім беру мекеме басшыларының барлығына 200 АЕК яғни, 612 600 теңге көлемінде әкімшілік жаза тағайындалды. Сонымен қатар, Алматы облысының 4 мекеме басшысы ӘҚБтК–нің 680-бабына сәйкес «мемлекеттік органдар басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды қабылдамауына» байланысты әрқайсысына 50 АЕК (153 150 теңге) көлемінде айыппұл салынды, - деді Департамент басқармасының басшысы Асқар Садықов.

Осы орайда, басқарма басшысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қолданыстағы заңнамада қарастырылған жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша тиісті шаралар қабылдамайтын мемлекеттік органдардың басшылары мен лауазымды тұлғаларына әкімшілік ықпал ету шараларын қолдануға уәкілетті екенін ескертті.

Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық деректері туралы белгілі болған жағдайда, азаматтардың агенттіктің тәулік бойы жұмыс істейтін 1424 Call-орталығына хабарласа алатындығын жеткізді.

Өзгелердің жаңалығы