Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеу саясатын енгізудің іске асырылу барысы туралы баяндады, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
Бүгінгі таңда реттеудің барлық 44 саласы қаралды. Онда 2 823 нормативтік құқықтық акт талданып, 128 119 талап анықталды. Олардың ішінде талаптардың 10 108-і немесе 8 пайызы жаңа реттеу саясаттың базалық шарттарына сәйкес келмейді. Өткен жылдан бастап реттеуші мемлекеттік органдар заңға тәуелді актілер аясында талаптардың күшін жою және қайта қарау бойынша белсенді жұмыс істеп жатыр, - деді ол Үкімет отырысында.
Министрдің айтуынша, бұл жұмысты осы жылдың 1-2 тоқсанында аяқтауды жоспарлап отыр.
Заңдар бойынша өзгерістерді талап ететін шамамен 66 заң актісі анықталды. Жұмысты дұрыс ұйымдастыру үшін өткен жылы үйреншікті әрі тексерілген тәсіл ұсынылды. Аталған тәсіл бойынша реттеудің әрбір саласындағы жұмыс топтары түзетулер әзірлеп, Ұлттық экономика министрлігіне жинақтауға жолдайды. Қазіргі уақытта министрлік бірыңғай пулды қалыптастыру мақсатында 15 сала бойынша түзетулер жинақтап алды, 17 сала бойынша түзетулер әлі күтілуде, - деді Әлібек Қуантыров.