Кәсіпкерлерді жеңілдікпен несиелендіру аясында ЕДБ қаржыландырудың шегі белгіленді

11 Желтоқсан 2020, 13:32
1521
Бөлісу:
Кәсіпкерлерді жеңілдікпен несиелендіру аясында ЕДБ қаржыландырудың шегі белгіленді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Кәсіпкерлік субьектілерін жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасы аясында ЕДБ қаржыландырудың шегі (лимиті) белгіленді.

Бұл туралы Ұлттық банктің баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау аясында Ұлттық банк 2020 жылдың 27 қазанындағы шешіміне сәйкес, төтенше жағдайдан зардап шеккен кәсіпкерлерге қолдау көрсету жөніндегі бағдарламаны одан ары іске асыру үшін қосымша 200 млрд теңге бөлген.

Сонымен қатар агроөнеркәсіп кешенінде қызмет ететін кәсіпкерлер мен ірі кәсіпорындарды қамту деңгейі кеңейді. Бағдарламаның мерзімі 2021 жылдың 31 желтоқсанына (қоса алғанда) дейін, ал қаржыны игеру мерзімі 2021 жылдың 31 наурызына (қоса алғанда) дейін ұзарды, - делінген таратылған ақпаратта.

Төтенше жағдай енгізілуіне байланысты табысынан айырылған ірі кәсіпорындарды несиелендіру үшін өңдеуші өнеркәсіп саласында және қызмет көрсету саласында зардап шеккен қызмет түрлерінің тізімі анықталып, тізім Ұлттық банк төрағасының және Ұлттық экономика министрінің 2020 жылғы 18 қарашадағы бірлескен бұйрығымен бекітілді.

Екінші деңгейлі банктердің бөлінген қаржыны тиімді игеруіне жасалған анализ негізінде, 2020 жылдың 30 қарашасында Ұлттық банк төрағасы мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бірлескен бұйрығымен екінші деңгейлі банктерді қаржыландырудың лимиті белгіленді. Қаржыландырудың жаңа лимиті бұның алдында қосымша бөлінген 200 млрд теңгені есепке ала отырып, белгіленген.

Екінші деңгейлі банктерді қаржыландырудың лимиттері туралы бірлескен бұйрықтың толық мәтінімен Ұлттық банк сайтынан таныса аласыздар.

Өзгелердің жаңалығы