Кәсіпкерлерді ораза айында мүмкіндігінше азық-түлік бағасын төмендетіп, жеңілдік жасауға шақырамын – бас мүфти

28 Наурыз 2022, 16:00
1613
Бөлісу:
Кәсіпкерлерді ораза айында мүмкіндігінше азық-түлік бағасын төмендетіп, жеңілдік жасауға шақырамын – бас мүфти

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында бас муфти Наурызбай қажы Тағанұлы айтты. 

 Өздеріңізге белгілі, бүгінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жан дүниеміздің өзегіне айналған рухани тәрбие негізі, ата-бабаларымыздың сан ғасырдан бері ұстанып келген діни жолы – ихсан ілімін жан-жақты насихаттап келеді. «Ихсан» сөзі жақсылық жасау дегенді білдіреді. Ал шариғаттағы мағынасы кез келген ізгі амалды ең кемел түрде орындау дегенге саяды. 30 күнгі ораза ихсан ілімін насихаттаудың, ихсан дәрежесіне жетудің таптырмас мүмкіндік маусымы, - деп атап өтті бас мүфти. 

Сонымен қатар Рамазан айында игі істер жасауға шақырды. 

Біз қашанда өзгелерге қайырымдылық жасап, айналамызға шуағымызды төгіп, шарапатымызды тигізіп, адамның алғысын алып, өсіп-өнген елміз. Халқымызда «Қайырымдылық жасасаң қайырын өзің көресің» деген нақыл сөз бар. Діни басқарманың негізгі жұмыс бағыттарының бірі – қайырымдылық. Діни басқарма жанындағы зекет және қайырымдылық қоры қасиетті айда «Шарапатты Рамазан», «Рамазан қоржыны», «Рамазаннан тәбәрік» сынды ауқымды республикалық қайырымдылық іс-шараларды ұйымдастырады. Осы ретте еліміздегі барша мұсылман жамағатын қайырымдылық акцияларға белсенді түрде үлес қосуға шақырамын,  - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.   

Сондай-ақ ол  Рамазан – тәрбие мен тағылым айы екендігін алға тартты. 

Қасиетті айда мұсылман баласы қанағат, шүкір, мейірім, бауырмалдық, кешірім сынды көркем мінезді қалыптастыруға тырысады. Сауабы еселеніп жазылатын айда әрбір ізгі амалымыз қабыл болғай. Рамазан айында адамдарға көп жақсылықтар мен мүмкіндіктер беріледі. Ендеше қасиетті айда көбірек сауапты амал жасауға асығайық. Ата-анамыздың, қазыналы қарттарымыздың дұғасын алуға тырысайық. Осы ретте кәсіпкер азаматтарды қасиетті айдың құрметі үшін халқымыздың тұрмыс жағдайын ескеріп, әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен азық-түлік бағасын мүмкіндігінше 10%-ға дейін төмендетіп, жеңілдік жасауға шақырамыз, - дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы.

Өзгелердің жаңалығы