Президенттің тапсырмасынан кейін Қазақстанда Салық кодексіне нақты түзетулер енгізу мәселесі талқыланып жатыр. Кәсіпкерлер корпоративтік табыс салығына (КТС) қатысты бірқатар өзгерісті қайта қарауды ұсынып отыр. Әсіресе бұған дейін салықтан босатылған жекеменшік мектептер мен медициналық ұйымдарға қатысты жаңа талаптар кәсіпкерлер арасында сұрақ туғызған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Алматы қаласы Мемлекеттік кірістер департаментінің Әуезов ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Бек Қалиақбардың айтуынша, бизнес өкілдерінің негізгі ұсыныстары корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесіне қатысты болып отыр.
Маманның түсіндіруінше, 2026 және 2027 жылдары қолданысқа енгізілетін салық мөлшерлемелеріне байланысты кәсіпкерлерден ұсыныстар түсіп жатыр.
Жалпы, кәсіпкерлердің корпоративтік табыс салығына қатысты ұсыныстары, біз естіп жүргеніміздей, ең алдымен 2026 және 2027 жылдары қолданылатын мөлшерлемелерге байланысты. Атап айтқанда, бұл әлеуметтік саладағы қызмет түрлеріне қатысты. Олардың қатарында жекеменшік білім беру мектептері мен жеке медициналық мекемелер бар, - деді Бек Қалиақбар.
Оның айтуынша, бұған дейін корпоративтік табыс салығынан босатылған осы ұйымдарға келесі жылдан бастап 5 пайыздық мөлшерлеме қолдану көзделген.
Алайда кәсіпкерлер бұл жеңілдікті алдағы уақытта да сақтауды ұсынып отыр.
Бұған дейін салықтан босатылған ұйымдар келесі жылдан бастап 5 пайыз мөлшерінде салық төлейді. Бізге белгілі болғандай, кәсіпкерлер осы норманы қайта қарап, аталған ұйымдарға берілген салықтық жеңілдіктерді алдағы уақытта да сақтауды ұсынып жатыр, - деп түсіндірді маман.
Бек Қалиақбардың сөзінше, бұл ұсыныстар Үкімет деңгейінде қаралады. Алайда әзірге түпкілікті шешім қабылданбаған.
Бұл өзгерістерді Үкімет Құрылтаймен бірлесіп қарайды. Тиісті шешім кейінірек қабылданады, - деді ол.