Алматы, BAQ.KZ. Қостанайда кәсіпкерге қарақшылық шабуыл жасағандар ұсталды. Бұл туралы Қостанай облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қарақшылық шабуыл 2019 жылдың 29 желтоқсанында жасалған. Шамамен сағат 18.30 кезінде Складской көшесінде белгісіз екі адам кәсіпкерге тап беріп, көзіне газ балонын шашып қолындағы ақша салынған пакетін алып қашқан. Жолда пакет жыртылып ішінен үш миллион теңге қарға түсіп қалған. Ұрылар қалған 2,5 миллион теңгені алып тайып тұрған.Шабуыл жасағандар бетперде кигендіктен жәбірленуші полицияға олардың түр тұлғасын сипаттап бере алмаған.
Солтүстік полиция бөлімінде бұл істі ашу бойынша жедел іздестіру тобы құрылып, оған полиция капитаны Аян Шаяхметов басшылық етті. Сондай-ақ, бұл тптың құрамында жедел іздестіру қызметінен полиция капитаны Қазбек Қайратұлы мен капитан Қуат Темірғалиев, Болат Нұртазин, Әлібек Кеукеновтер жұмыс істеді.
Жедел іздестіру шаралары кезінде біз олардың ізіне түстік және 31 желтоқсан күні ұстадық. Қылмысқа барған күдіктілер 32 мен 33 жастағы облыс орталығының тұрғындары болып шықты. Олар тобыл қаласында қолға түсті. Ақшаның жартысы табылды, қалған бөлігін олар несиелерін жауып, кейбірін жаңа жылдық мейрамға жұмсап үлгеріпті, - дейді полиция капитаны Аян Шаяхметов.
Қазіргі уақытта бұл іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.