Кәсіпкер: Экономикалық патриотизм – ұран емес, ашық жұмыс істеу

Ивент саласының өкілдері экономикалық патриотизм қағидаттарын қолдайтынын айтты

 Instagram/Kvartet.kz Бүгiн 2026, 11:21
Бүгiн 2026, 11:21
129
Фото: Instagram/Kvartet.kz

Іс-шара ұйымдастырушыларының айтуынша, клиент сенімі жарнама арқылы емес, жұмыс барысындағы ашықтық пен бизнестің ел экономикасына жауапкершілікпен қарауы арқылы қалыптасады. Павлодардағы төрт кәсіби жүргізушіні біріктірген ойын-сауық компаниясы Kvartet.kz «Саналы бизнес – ел тірегі» бастамасына қолдау көрсетті. Компанияның бас директоры бұл акцияға қатысу ашық әрі жауапты бизнес жүргізу қағидаттарына адалдықтың айғағы екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Саят Жүсіпбаевтың сөзінше, бұл бастама компания жұмысының негізгі ұстанымдарымен толық үндеседі.

Kvartet.kz бұл бастаманы қолдады, өйткені саналы бизнес – жай ұран емес, нақты таңдау. Біз клиент сенімі жарнамамен емес, ашық жұмыс арқылы қалыптасатын нарықта еңбек етеміз. “Саналы бизнес – ел тірегі” акциясы біз үшін бұрыннан қалыптасқан құндылықтарды айқындайды: адал есеп айырысу, ресми қызмет және тұтынушыға құрмет, – деді кәсіпкер.

Бизнес тұрақтылығы мен қызмет қолжетімділігінің теңгерімі

Компания өкілдерінің айтуынша, баға саясаты әділ баға қалыптастыру және экономикалық патриотизм қағидаттарына негізделеді.

Саят Жүсіпбаевтың сөзінше, қызмет құны нақты өзіндік шығынға, салық жүктемесіне және көрсетілетін қызмет сапасына қарай есептеледі.

Біздің моделіміз – тепе-теңдік: бір жағынан бизнестің тұрақтылығы, екінші жағынан клиентке қолжетімділік. Біз ресми түрде жұмыс істейміз, салық төлейміз, жұмыс орындарын ашамыз және командамыздың дамуына инвестиция саламыз. Біз үшін экономикалық патриотизм – жай ұран емес, ашық жұмыс істеу және жергілікті нарықты дамыту арқылы ел экономикасына үлес қосу, – дейді ол.

Компания басшысы бұл бастама олардың бұрыннан ұстанып келе жатқан даму бағытымен үндес екенін атап өтті.

Шын мәнінде, бұл бастама біздің бұрыннан келе жатқан бағытымызбен сәйкес келді. Біз ашықтық пен тұрақтылық қағидаларын бұрыннан ұстанып келеміз. Акцияға қатысу клиенттермен ашық коммуникацияны күшейтуге мүмкіндік берді: бағаның қалай қалыптасатынын, сапаның неге белгілі бір құны бар екенін және қызметтің соңғы құны неден тұратынын түсіндіру маңызды, – деді ол.

Бас директордың айтуынша, компанияның негізгі міндеттерінің бірі – қызметкерлерді тұрақты жұмыспен қамту және адал кәсіпкерлікті дамыту. Сондай-ақ уақытылы жалақы төлеу, салық тәртібін сақтау және ел ішіндегі серіктестерді қолдау да басты назарда.

Спикердің пікірінше, бизнестің «көлеңкеде» емес, жүйелі әрі ұзақмерзімді дамуы үшін адал кәсіпкерлік мәдениетін қалыптастыру аса маңызды.

Жауапты бизнес – экономиканың іргетасы

Саят Жүсіпбаевтың пікірінше, кәсіпкерлердің ашық әрі жауапты қызметі елдің экономикалық тұрақтылығында маңызды рөл атқарады.

Жауапты бизнес – экономиканың іргетасы. Мемлекет ережені қалыптастырады, бірақ жұмыс орындарын ашып, салық төлеп, ел ішінде капитал айналымын қамтамасыз ететін – кәсіпкерлер. Компаниялар неғұрлым ашық әрі тұрақты жұмыс істесе, экономика соғұрлым нығая түседі. Ел тұрақтылығы да дабыралы мәлімдемелерден емес, бизнестің күнделікті қабылдайтын мыңдаған адал шешімдерінен құралады, – деп түйіндеді ол.

Наверх